Аптадағы маңызды жаңалықтар

Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне – 176 жыл

«Желсіз түнде жарық ай». Шаһарымыздың белсенді жандары жиналып, қаланың қақ ортасында орындап жатқан туындының авторы – ұлы ақын Абай Құнанбайұлы екені баршаға мәлім. Сөз шебері 5-ақ шумақтың ішіне табиғаттың әсем көріністерін сыйдырып, ерекше сипаттаған. Осы бір ғана еңбегі дара тұлғаның қаншалықты дана екендігін көрсетіп тұр.

Ақмарал Ыбраева, М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

– Абайдың кез-келген туындысында өмір мен философия ұштасып жатады. Өмір шындығын өлеңдерінде өте жақсы көрсеткен. Тіпті, жылдың 4 мезгілін 4 түрлі сипатта көрсетті. Әрқайсысының тарихи маңызы бар.

Абай – дана, Абай – дара қазақта. Бүгін біртуар жанның дүниеге келгеніне 176 жыл толып отыр.

Ақмарал Ыбраева, М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

– 19-шы ғасырда, 1845-ші жылы Абай Семей уезінде дүниеге келді. Құнанбай Өскенбайұлы үлкен болыс болған. Ақынның дамып, білім алуында әкесінің рөлі өте жоғары болды.

Артынан өшпес із қалдырған ұлы тұлғаға тағзым. Абай Құнанбайұлының 176 жылдығына орай облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметов бастаған топ бас ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шара барысында ойшылдың дүниетанымдық ерекшелігі мен қалдырған мұрасының маңызы жайлы сөз қозғалды.

Ғани Нығметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың» деп айтып кеткен. Егер адам осының барлығын дұрыс қолданса, бір нәтижеге жетіп, өзін бақытты деп санайды.

Рухани реформатор әрі ұлы ойшыл. Жастар Абайдың туындыларын оқиды, ойға тоқып, терең зерттеуге тырысады. Қуанышымызға орай, бүгінде тарихи тұлғаның еңбектері өзге тілдерге аударылып, әлем тұрғындарына танылуда. Зерттеуші-ғалымдардың барлығы ақынның өз заманының заңғары болғанымен келіседі.

Маржан Касымбек