Өнеркәсіп

«SMBGROUP Family» серіктестігі өндіріс ауқымын кеңейтпекші

Жергілікті кәсіпорын жұмсақ контейнер шығаруға былтыр көктемде кірісті. Осы уақытқа дейін отандық және шетелдік бірнеше компаниямен келісімшартқа отырған. Қазіргі таңда тауарлар Ресей мен Түркияға экспортталып жатыр. Петропавлда өндірілетін биг бегтердің сапасы жоғары. Қаптар 4 тоннаға дейін жүк көтереді. Беріктігімен қоса оңай тасымалданады. Тиеу және түсіру кезінде де аса қатты қиындық туғызбайды.

Сергей Григораш, «SMBGROUP Family» ЖШС бас механигі:

– Мынау – полипропилен. Қаптардың барлығын осы заттан жасаймыз. Алдымен үгіндіні қыздырып, сұйық күйге түсіреміз, кейін оны қайта қатырып, жіп жасаймыз. Әзірленген жіп әртүрлі жуандықта шарыққа оралады. Одан әртүрлі тығыздықтағы материал өндіріледі.

Міне, шарыққа оралған жіптен қап тоқылып жатыр. Процесстің барлығы автоматтандырылған. Қондырғының қасындағы адам тек жұмысты бақылап, таусылып қалған жіптерді жаңасына ауыстырып тұрса болғаны.

Сергей Григораш, «SMBGROUP Family» ЖШС бас механигі:

– Біздің биг бегтер сусымалы заттардың барлық түрін тасымалдауға арналған. Мысалы, тау-кен өндірісінде, ауыл шаруашылығында қолдануа болады. Сапасы жоғары деп сеніммен айта аламын. Олар тесіліп, жыртылып қалмайды. Жасалған келісімшарттан бөлек те жұмыс жасаймыз. Яғни, клиенттердің тапсырысы бойынша қажетті қап тігіп береміз.

Зауыттың айлық қуаттылығы 100 мың дана биг бег пен 35 мың слинг бегті құрайды. Соңғысы көлемі жағынан алғашқысынан үлкен. Онымен ауыр заттарды тасымалдауға болады. Негізі, “полипропилен өте берік материал”,- дейді зауыттағы мамандар.

Жақында зауытта жаңа тігін цехы іске қосылмақшы. Серіктестіктің бас директоры Димаш Коржовтың айтуынша, ол жерде қаптың тағы бір түрі тігіледі. Әзірленетін өнім пішіні жағынан төрт бұрышты болмақ.

Димаш Коржов, «SMBGROUP Family» ЖШС бас директоры:

– Нарықта біздің қаптарға деген сұраныс жоғары. Тұрақты клиенттердің саны мен тапсырыс көлемі артып келеді. Сондықтан жақында жаңа контейнер тоқитын арнайы қондырғы сатып алдық. Оның көмегімен күрделі конфигурациядағы, тұрақты пішіні бар қаптарды тігетін боламыз.

Цехты іске қосу үшін тағы 100 жұмысшы қажет екен. Қазір штатқа жаңа қызметкерлер қабылданып жатыр. Ресей мен көрші облыстардан білікті мамандар да шақыртылмақшы. Осы орайда айта кетейік, серіктестік өкілдері бүгінде Петропавлда коттедж қалашығын тұрғызып жатыр. Баспаналардың кейбірі басқа жақтан келетін жұмысшыларға жалға беріледі екен. Қалғаны халыққа сатылады деп жоспарланып отыр.

Бердимурат Баймухан