Білім

Жазғы мектептер жұмысын қайта бастады

Карантин мектеп оқушыларын да, мұғалімдерін де әбден әбігерге салғаны жасырын емес. Сабақтарды қашықтықтан өткізу кезінде біраз баланың оқу деңгейі төмендеп қалған көрінеді. Мұны жергілікті білім ұясының маманы айтып отыр.

Айжан Қапезова, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

– Үйде алған білім мен мұндағы білімді салыстыруға келмейді. Жақсы оқитын оқушылар өз деңгейлерінен түсіп кетті. Қызығушылықтарын да ояту ауырға соқты.

Сол себепті елімізде «жазғы мектеп» құрылды. Онда оқушылар түсінбей қалған тақырыптарын мамыр мен маусым аралығында тереңірек меңгерді. Бүгіннен бұл бастама қайтадан қолға алынып отыр. Екінші рет ұйымдастырылған «жазғы мектепте» шәкірттер негізгі пәндер бойынша білімдерін тағы бір мәрте толықтырмақ.

Кабинетте Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің 3-ші сынып оқушылары отыр. Сабақтарға ұл-қыздардың барлығы дерлік қатысуда. Алғашқы сабақ – қазақ әдебиеті. Одан кейін, алдын ала бекітілген кестеге сәйкес математика мен оқу сауаттылығындағы тақырыптарды қайталайды. Үзіліс кезінде балалар өз-өздерін сергітіп те алады екен.

Көңілді әуен оқушылардың көңіл-күйін көтеріп, білім алуға деген құлшынысын арттырады.

– Сабақ оқу қиын емес. Математика, қазақ тілі, әдебиеттік оқу, музыка барлық пәнді мен жақсы көремін.

– Достарымды сағындым. Мектепте оқыған ұнайды.

Жазда өткізіліп жатқан сабақтарға 100-ге жуық бала қатысуда. Оның 40-ы – бастауыш, қалғаны – жоғарғы сынып оқушылары. Ұл-қыздарға 50-ден астам мұғалім білім беруде. Санитарлық талаптарға сай етіп 10-нан астам кабинет әзірленген екен.

Шынар Теміржанова, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебі директорының орынбасары:

– Оқушылар түсінбей қалған тақырыптарды тереңірек зерттеп, олқылықтарды түзейді. Жаңа оқу жылына толық дайын болады. Сабақ кестесіне келетін болсақ, күніне 3 сабақтан өткізіледі. Әрқайсысының ұзақтығы – 40 минут.

Облыс бойынша жазғы сабақтарға 12 мыңнан астам бала қатысуда. Жаңа оқу жылына дайындық тамыздың 22-сі аяқталмақ.

Маржан Касымбек