Білім

Университеттегі өзгерістер

Надежда Чепикова жергілікті университетке 2019-ші жылы түскен. Бастапқыда күндізгі бөлімде қашықтықтан оқыту технологиясы арқылы білім алған. Яғни, осы күнге дейін тапсырмаларды онлайн орындап, тек сессияны қара шаңырақта тапсырған. Өзінің орта білімі болғандықтан, мектепте мұғалім болып жұмыс істейді екен. Енді оқу форматындағы жаңа өзгерістердің орын алуы – қиындық туғызатынын айтады.

Надежда Чепикова:

– Біз өз еркімізбен оқудан шығу туралы өтініш жазуға мәжбүрбіз. Себебі, топтастарымның басым көпшілігі, соның ішінде мен де университетке барып оқи алмаймыз. Селк еткізген жаңалықты оқу жылына 1 ай қалған кезде ғана айтты. Егер топта 12 адам жиналса, 5 апталық курс ұйымдастырылады екен. Олай болмаса, бізді күндізгі форматта оқитындармен қоспақшы. Ал, бұған көнбесек, оқудан шығарыламыз.

Университеттің білім алушылары жұмыстарынан айырылғылары келмейді, жоғары оқу орнының дипломы да ауадай қажет. Ендігі кезекте тілейтіндері – соңғы оқу жылын бұрынғы форматта тәмамдау. Бұдан бөлек, студенттерді қынжылтатын тағы бір мәселе бар. 1-ші курсқа қабылданар алдында жасалған келісімшартқа сәйкес, бір жылдық оқу құны 198 мың теңгені құрайды. Егер өзгеріс күшіне енсе, сома шамамен 2 есеге өседі екен. Басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Шұлановтың сөзінше, оқыту формасы өзгермейді.

Ерлан Шұланов, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы – ректоры:

– Сырттай оқыту 2018-ші жылы ресми түрде тоқтатылды. Дегенмен, біздің университетте қашықтықтан оқыту технологиясы қолданылып келді. Бұл – сырттай оқу емес. Енді онлайн білім алушылар сабақтың жартысын университет қабырғасында, қалғанын қашықтықтан оқитын болады. Ал, оқудың бағасына келетін болсақ, студенттер мұғаліммен тікелей жұмыс істейтін болғандықтан, соманың көлемі артады.

«Мұндай өзгеріс – білім сапасын арттыруға септеседі»,- дейді Ерлан Шұланов. Сонымен жұмыс істейтін студенттердің жағдайы не болмақ?

Ерлан Шұланов, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы – ректоры:

– Біз көп студенттің жұмыс жасайтынын білеміз. Оқуды тәмамдап, қолдарына диплом алулары үшін 3-4 нұсқа ойластырып көрдік. Соның ең тиімдісі – 5 апталық курс. Яғни, білім алушылар семестрда 5 апта бойы мұғаліммен бетпе-бет байланыста болып, сессия тапсырады. Кейін 2-ші семестр аяқталарда тағы сонша уақыт оқып, құжаттарын қолға алады.

Жалпы, білім ордасында 830 адам күндізгі бөлімде қашықтықтан оқыту технологиясы арқылы білім алуда.

Алтынай Казиканова