Білім

Мектептерге “Ashyq” жобасы енгізілді

Биыл қала тұрғыны Айгүл Жақыпованың немересі мектепке барады. Нәзікжанды отбасы мүшелерімен кішкентай Раянаның құжаттарын №27 орта мектебіне тапсыруды жөн деп тапқан. Бүгін сол үшін келіп отыр.

Талап қатаң. Мектепке кірер кезде Айгүл Жақыпова қолын антисептикпен өңдеді. Кейін, оқу ұясының қызметкерлері нәзікжандының дене қызуын өлшеді. Сосын, жақында ғана оқу ұясында пайда болған “Ashyq” жобасы арқылы жерлесіміздің дәрежесін тексертті.

Айгүл Жақыпова, қала тұрғыны:

– Бұл мектеп жақсы деп естідім. Әзірге немерем “Алақай” балабақшасына барып жүр. Бүгін осында даярлық сыныбына беруге келдім. Кіреберісте антисептикпен қолымызды өңдедік, “Ashyq” жобасы да бар. Ол да жақсы. Себебі басқа адамдарға қауіп төнбейді. Қоғамдық және басқа орындарда осы “Ashyq” жобасы болса екен деп ойлаймын.

“Ashyq” жобасы бұл мектепте өткен жұмадан бастап жұмыс жасауда. Оқу ұясына келген мұғалімдер мен ата-аналардың барлығы әр уақытта сканерлеуден өтеді. Осылайша, олардың қандай дәрежеде екендігі анықталады. Осы орайда жаңашылдыққа құлақ түріңіздер! Алдағы қыркүйек айынан бастап ата-аналарға өңір аумағындағы кез-келген мектепке жөн-жосықсыз кіруге тиым салынады.

Гүлбарам Ибраева, №27 орта мектебінің директоры:

– Арнайы тағайындалған адам келушілердің “Ashyq” жобасы арқылы ішке кіруін қадағалайды. Егер мейманда қосымша болмаса, біздің қызметкер жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы дәрежесін анықтап береді. Талап бойынша сары және қызыл түс жанғандар оқу ошағына кіргізілмейді. Мектебімізде жұмыс жасайтын жандардың басым бөлігі вакциналаудың толық курсынан өткен.

Жаңа оқу жылында №27 орта мектеп 500-ден астам оқушыны қабылдамақ. Айта кету қажет, бүгінгі күнге дейін қаламыздағы 37 білім ұясы “Ashyq” жобасына қосылып үлгерген.

Алдияр Айтпаев