Аптадағы маңызды жаңалықтар

Республикалық “Дала күні” онлайн форматта өтті

Жылдан-жылға климаттың өзгеруі байқалады. Бұрын жаңбыр молынан жауатын өңірлердің өзі қазір жазғы құрғақшылықтан қиындық көруде. Жылдық жауын-шашын мөлшерінің басым бөлігі күз бен қыста түседі. Мамыр мен тамыз аралығындағы қолайсыз ауа райы астықтың шығуына теріс әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан, ғалымдардың ұсыныстарын қатаң сақтау қажет. Өнімділігі жоғары астық алудың технологиясы мен егін егу және орақ науқанының қолайлы мерзімдері жайлы өңір диқандарын ауылшаруашылық тәжірибе станциясы ақпараттандырып отырады.

Елена Федоренко, «Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС бөлім меңгерушісі, Аққайың ауданы:

– Тұқымды көрсетілген мерзімде сіңіру маңызды. Егер аграрийлер егін егу науқанын ұсынылған уақытта жүргізбесе, гектарынан 2-6 центнер өнім алуы мүмкін. 20 жыл көлемінде жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, бидайды мамырдың 15-і мен 25-і аралығында себу керек. Бұл ретте дәнді дақыл түрінің қандай мақсатта қолданылатынын да ескеру қажет.

Келесі жылға тұқым ретінде сақталынатын астықты көктемгі дала жұмыстарының алғашқы күндерінде егу керек. Сонда 1-2 класстағы, дән маңызы 28-29 пайызды құрайтын алтын дәнді жинауға болады. Мамырдың үшінші онкүндігінің соңында егілген егіннің сапасы 3-ші сұрыпқа дейін төмендейді. Ал, маусымда сіңірілген тұқымға мүлдем үміт артпаған жөн. Мұндай алқаптан күзде әрі кетсе 4-ші, тіпті 5-ші класстағы бидай жинау ықтималдылығы жоғары.

Сондай-ақ, кеш шыққан өсімдіктер аурушаң болып келеді. Қазір отандық ғалымдар зиянкестер мен құрғақшылыққа төтеп бере алатын дақылдарды шығаруда. Мәселен, Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе станциясы будандастыру арқылы “Айна” сортын алыпты. Тұқым 2018-де СҚ, Ақмола мен Қостанай облыстары бойынша мемлекеттік реестрге енгізілген.

Владимир Чудинов, “Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе станциясы” ЖШС басқарма төрағасының орынбасары, Қостанай облысы:

– “Айна” сортының басты артықшылығы таттануға шыдас береді. Алқаптарды фунгицидпен өңдеудің қажеттілігі жоқ. Сәйкесінше, біраз қаржы үнемделіп, астықтың өзіндік құны төмен болады. Бидайдың дән маңызы – 26 пайызды құрайды. Көрсеткіш жауын-шашын мөлшері көп түссе де өзгермейді. Сорт үнемі ірі дән береді, тұқымның шығымдылығы 80-85 пайызға дейін жетеді.

“Айнаның” өнімділігін диқандар да мойындауда. Биыл тұқымға деген сұраныс жоғары екен. Мұны ескерген ауылшаруашылық тәжірибе станциясының мамандары астықты 3400-ге жуық гектар алқапқа еккен. Кемінде 2 мың тонна дәнді сатылымға шығармақ. Аламын деушілерге өтініштерді бүгіннен жіберуге болады. Аграрийлерді жаздық тритикале де қызықтыруда. Бірақ, жасалу процесіне қатысқан студенттің құрметіне аталған “Дәурен” сорты әзірге саудаланбайды. Ол әлі сынақтан өтуде.

Олег Соловьев, «Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Бұл – С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің ғалымдарымен шығарылған сорт. Дақылды арпа және сұлымен салыстыратын болсақ, тритикаленің құрамындағы қант пен протеиннің мөлшері көбірек. Өнімділігі жоғары. Тәжірибе станциясының алқаптарынан әр түрлі жылдары 32-ден 47 центнерге дейін жинадық. Биылдан бастап дақылға бөлінген жерді ұлғайтамыз. 2025-ші жылы 3 мың гектарга дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Жаздық тритикалені ғалымдар 12 жыл бойы шығарыпты. Ол бидай мен қарабидайдың гибриді. Соңғысынан дақыл зиянкестерге төтеп беру қасиетін алған. Қолайсыз орта факторларына қарамастан астық жақсы шығады. Яғни, “Дәуренмен” де химиялық препараттарға шығындалудың қажеті жоқ. Бүгінде ғалымдар сорттық агротехниканы зерттеуде. Яғни, жаздық тритикале өңірдің қай жерінде жақсырақ өсетінін анықтамақшы. Ал, келесі жылы тұқым сатылымға шығарылады.

Эльмира Садвокасова