Құқық қорғау органдары

Өңірде мал ұрлығы тыйылар емес

Мал ұрлығы жаз бен күз мезгілінде өрши түседі. Себебі, бұл уақытта жайлауда жайылған төрт түлік күй жинайды. Мұны барымташылар оңай олжа қылғысы келеді. Полицейлер ұрылармен күресіп жатыр. Мамандар былтыр тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген, біраз заңбұзушыны қолға түсірген.

Мадияр Харипов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:

– Өткен жылы облыста 25 мал ұрлығы тіркелді. Ал биыл 18 факті орын алды. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі еркін жайылымда болды. Ұрлық жасағандар 7-ден 12 жылға немесе 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бұл ретте тұрғындар малдарын қараусыз қалдырмаса екен дейміз.

Полицейлер барымташылардан қорғану үшін тұрғындарды шашпаларын мықтап бікетуге және жылқыларды қашықтықтан бақылауға мүмкіндік беретін GPS-трекерлер орнатуға шақырады. Еркін жайылымда жүрген төрт түлікке қауіп тек баукеспелерден төнбейді. Тұяқтылар трасса бойына шығып кетіп, көлік құралдарына соғылуы мүмкін. Мұндай жайттар жер-жерде тіркеліп жатыр. Оқыс оқиғаларды болдырмау үшін табынды қараусыз жібермеу қажет. Егер бақташы немесе мал иесі мұны ескермесе, жауапқа тартылады. Мысалы, биыл мал бағу қағидаларын бұзғаны үшін 1350-ден астам адамға әкімшілік хаттама толтырылған.

Мадияр Харипов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:

– Мал бағу қағидаларын бұзген 432 адамға ескерту жасалды. Ал қалғандары 5 АЕК көлемінде айыппұл арқалады. Әрі тұрғындардың 3600 жылқысы мен ірі қарасы арнайы орынға қамалды.

Өңірімізде мұндай 230 нысан бар. Оларға еркін жайылымда бақылаусыз жүрген малдар қамалады.

Алдияр Айтпаев