Ауыл шаруашылығы

Мал азығы молынан дайындалуда

Үстіміздегі жылы облыста мал саны едәуір өскен. Төрт түлікке жем-шөп молынан керегі сөзсіз. Сондықтан қазіргі таңда өңірімізде қысқы азық дайындалып жатыр. Биылғы жоспар бойынша жерлестеріміз 390 мың ірі қараға, 400 мыңнан астам қой мен ешкіге және 134 мың қамбар ата төліне жем-шөп әзірлеуі тиіс.

Талғат Наурызбаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыстағы төрт түлікті азықпен қамтамасыз ету үшін биыл 850 мың тонна шөп, 790 мың тоннадан астам сабан мен 765 мың тонна жем дайындау қажет. Сондай-ақ, 193 мың тонна пішендеме мен 194 мың тонна сүрлем әзірленбек.

Істің орындалу барысын баян етейік. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған шөптің 68% шабылыпты. Пішендеме 40% дайындалған. Ал, сүрлем әзірлеу жұмыстары тамыз айының ортасында басталмақ. Жалпы, ағымдағы жылы мал азығын қамтамасыз ету үшін 135 мың гектар жерге дақылдар егілген екен.

Қуандық Шақыбаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Оның ішіндегі 107 мың гектары – біржылдық шөптер, 11 мың гектары – көпжылдық шөптер және 17 мың гектардан астамына жүгері отырғызылған.

Ауылдағы ағайынға қолайлы жағдай жасау үшін елді-мекендерде ауыл шаруашылығы жәрменкелері де өтуде. Мысалы, бүгінге дейін 29 жәрмеңке ұйымдастырылыпты. Оған 250 агроқұрылым қатысқан.

Талғат Наурызбаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Жәрмеңкеде шөптің бір тонносы 15 мың теңгеден саудаланды. Кебек 20-45 мың теңгеден, ал жем 40-50 мың теңгеден сатылды. Алдағы уақытта да жәрмеңкелер өткізіледі.

Мал азығы тапшы деп алаңдамаған жөн. Жиналатын жем-шөптің қоры қыстан қысылмай шығуға жетеді дейді ауыл шаруашылығы мамандары.

Алдияр Айтпаев