Билік

Облыс әкімі тікелей эфирде сұрақ-жауап өткізді

Осыдан 3 күн бұрын облыс әкімі өзінің инстаграм парақшасында тұрғындардың сұрақтарын қабылдайтыны жайлы жазба қалдырған болатын. Бүгінге дейін әкімнің жазбасының астына жерлестерімізден 100-ден аса сауал түсіпті.

Осыған орай, Құмар Ақсақалов араларынан ең маңызды және күрмеуі күрделі мәселелерді теріп алып, тікелей эфирде жауап берді. Өңір халқын негізінен денсаулық сақтау саласын жақсарту, жол және баспана мәселелері алаңдатады. Петропавл қаласының бір тұрғыны биыл көктемде пәтер сатып алмақшы болып, салынайын деп жатқан үйден баспана броньдаған екен. Бірақ мердігерлер құрылысты әлі күнге дейін бастамапты. Болашағы бұлыңғыр қала тұрғыны мәселені облыс әкіміне жеткізді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл коммерциялық жоба. Қазіргі күні үй саламын деген серіктестік, жеке тұрғын үйде тұратын адамдармен келіспей қалды. Компания қаражаттың барлығын қайтарады. Біз оны қадағалаймыз.

Жалпы, облыс әкімі әлеуметтік желі арқылы тұрғындардың сұрақтарына жауап беруді осымен екінші рет өткізіп жатыр. Былтыр Құмар Ақсақалов пандемия кезінде осылай тікелей эфирге шығып, тұрғындарға коронавирустық ахуал жайлы мәлімдеген болатын. Алдағы уақытта өңір басшысы инстаграмм арқылы 3 айда бір рет тікелей эфирде тұрғындардың сұрақтарына жауап береді. Бүгінгі эфирдің толық нұсқасын аймақ басшысының экранда көрсетілген инстаграм парақшасынан көре аласыздар. (@qumaraqsaqalov).

Бердимурат Баймухан