Тұлға

Иван Шухов – ата-анасының 13-баласы

Надежда Рудикова Иван Шуховты алғаш рет бала кезінде көрген. Буыны қатпаған бала бұл кездесуге аса мән бермесе керек. Одан кейін ес біліп, бой жеткен шағында жазушының туындыларын оқып, қызығушылығы ояна бастаған. Айтуынша, Иван Шухов Пресновкаға көбінесе жаз маусымында барып жүріпті.

Надежда Рудикова, «Русская община Казахстана» қоғамдық бірлестігінің баспасөз хатшысы:

– Иван Шуховтың бойы ааа ұзын емес. Отбасында ең соңғы, нақтырақ айтсақ, 13-ші бала болған. Мен өзім Преснов халық театрында режиссер болып жұмыс істедім. Өнер ордасында негізінен жерлес жазушылардың шығармалары көбірек қоюға тырысатынбыз. Әр спектакліміз Иван Шуховтың өлеңдерімен өрнектелетін.

Иван Шухов өзі туып-өскен Пресновка селосы жайлы көбірек қалам тербеген. Елді мекеннің тылсым табиғаты мен жергілікті тұрғындардың өмір салты шығармаларына арқау болған. Талантты тұлғаның көзін көрген Екатерина Ильина жазушының фронттан жауынгерлерді қалай қарсы алғаны туралы әңгімесінен ерекше әсер алыпты.

Екатерина Ильина, қалалық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрайымы:

– Иван Шухов әр түрлі іс-шараларға барып, жастармен кездескенде қасында еріп жүретінмін. Одан бөлек, 2 жыл жазушының қызы Наталья Ивановнамен бірге қызметтес болдым. Ол қаладағы педучилищеде шет тілінен сабақ берді. Иван Шухов та аталған білім ошағына жиі келіп жүретін.

Бүгінгі жиында дарынды жерлесіміздің шығармалары оқылды. Оның өз туындылары мен Шуховтың құрметіне жазылған еңбектер кітап көрмесінен орын тепті.

Галия Мелешкевич, И.П.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың библиографы:

– Кітапхана қызметкерлері біраз жылдан бері Иван Шуховтың шығармашылығына байланысты материалдарды жинап келеді. Жыл сайын мерейтойына арнап, іс-шаралар легін ұйымдастырып тұрамыз. Жалпы, теріскейлік жазушы әдебиет пен мәдениеттің дамуына орасан зор үлес қосты.

Біртуар тұлғаның құрметіне арналған шара онлайн форматта өткізілді. Эфирге жазушының ұлы Илья Шухов та қосылып, әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті.

Алтынай Казиканова