Тұлға

Жазушы Иван Шуховтың туғанына – 115 жыл

Бұл – солтүстікқазақстандық жазушы Иван Шуховтың “Пресновские страницы” кітабының үзіндісі. Аты айтып тұрғандай автобиографиялық туындыны автор өзінің туған жеріне арнаған. Шығармада қазақ даласындағы тың игеру жылдары баяндалады. Тағы жергілікті халықтың тарихы мен өмірі, дәстүрі мен салты сипатталады. Еңбекті зейнеткер Екатерина Ильина көз майын тауыса оқыған. Иван Шуховтың шығармашылығымен ол алғаш рет 1959-шы жылы танысып, содан бері үзбей оқыпты. Ресейдегі Уралдың тумасы дәл сол уақытта Петропавлдың педагогикалық училищесіне түсіп, жергілікті танымал жазушымен кездесуге қатысқан екен.

Екатерина Ильина, қалалық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрайымы:

– Ресейде туып-өскендіктен қазақстандық жазушыларды мүлдем білген жоқпын. Бізге училищенің директоры келіп, “алдағы уақытта Иван Шуховпен кездесу өткіземіз” деді. Сол жиынға дайындық ретінде мен автордың еңбектерін қолыма алдым. Шығармалары көңіліме бірден жылулық ұялатты.

Педагогикалық училищенің студенттері шығармашылыққа бір табан жақын болған көрінеді. Сондықтан, жастардың барлығын проза жазу өнері қызықтырған. Иван Шухов қыз-жігіттермен өз тәжірибесімен бөлісіп, кей туындылардың жазылу тарихын баяндаған. Мәселен, атақты “Горькая линия” романындағы кейіпкерлердің барлығы дерлік Жамбыл ауданына қарасты Пресновка селосының тұрғындарына қарап жазылған екен. Жалпы, әдебиет майталманының барлық еңбегі өмірдегі шынайы оқиғаларға негізделген.

Екатерина Ильина, қалалық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрайымы:

– Иван Шуховтың шығармашылығын ресейлік әдебиет майталмандары да өте жоғары бағалады. Ол атақты Максим Горькиймен жақсы таныс болды. Кеңес жазушысы солтүстікқазақстандық қаламгердің туындыларын ұнатып, әрі қарай жазуға кеңес берген.

Иван Шухов саналы ғұмырын әдебиет пен журналистикаға арнап, артынан 20-ға тарта еңбек қалдырды. Сондай-ақ, қазақ әдебиет майталмандарының туындыларын орыс тіліне аударумен айналысқан. Атап айтсақ, Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың шығармаларын тәржімалаған.

Эльмира Садвокасова