Құқық қорғау органдары

СҚО-да жыл басынан 384 алаяқтық фактісі тіркелген

Өмірімізге смартфондар мен банк карталары әбден сіңісті. Қазір үйден шықпай-ақ, осы екі дүниенің көмегімен біраз істі тындыра аламыз. Интернет арқылы киім-кешек, тамақ пен электрондық техника сатып алуға мүмкіндік бар. Ыңғайлы екені сөзсіз, бірақ аңдамасаң қулардың құрығына түсіп қалуың мүмкін. 21-ғасырдың алаяқтары сеніміңізге кіріп, картаңыздағы ақшаны оп-оңай иелене алады. Оның бірнеше схемасы бар екен. Алданып қалмас үшін көгілдір экранға жақынырақ отырыңыздар.

Виталий Подчернин, СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

– Бүгінде ең танымал сан соқтыру әдісі ОЛХ және Колеса сайттарымен байланысты. Интернет дүкен арқылы тұрғындар өз заттарын сатылымға шығарады. Айлакерлер сатушыға потенциалды клиентпін деп хабарласып, тауарды курьерлік қызметпен жіберуді өтінеді. Азамат жолданған сілтеме бойынша өтіп, өзінің банк картасының мәліметтерін жазады. Осылайша, азаматтар алаяқтардың құрбанына айналады

Банктен қоңырау шалып, “шотыңызда күмән тудыратын операция жасалып жатыр, картаңызды бұғаттайық” десе, байбалам салуға асықпаңыз. Әсіресе, хабарласып жатқан адамға карта нөмірі мен артындағы код және құпиясөзді айтуға мүлдем болмайды. Себебі, бұл да алаяқтардың ісі. Қаржы ұйымдарының шынайы мамандары мұндай ақпаратты мүлдем сұрамайды.

Виталий Подчернин, СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

– Соңғы уақытта жиі кездесетін тағы бір әдіс бар. Ол шағын қаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеу. Мұндай арам іске әдетте тұрғындардың жақындары мен туған-туыстары барып жатады. Яғни, жеке куәлік пен картаның фотосуретін қолданып, кредит алады. Бұл туралы жәбірленушілер әдетте 6 айдан кейін біліп жатады. Себебі, қарызды төлемегені үшін қаржы ұйымдары жеке сот орындаушыларына көмекке жүгінеді.

Қысқасы сақ болу қажет. Банкомат арқылы ақша шешкенде де түбіртектерді қалдыруға болмайтынын есте сақтаңыз. Себебі, квитанцияларда әдетте азаматтың аты-жөні, карта мен жеке сәйкестендіру нөмірі де жазылуы мүмкін. Алаяқтық фактілерінің алдын алу үшін полиция қызметкерлері ақпараттық жұмысты мықтап жүргізуде. Бірақ, өкініштісі сол сан соғу жағдайлар тыйылар емес. Керісінше, жылдан-жылға көбейіп келеді. Былтыр 7 ай ішінде 229 жағдай тіркелсе, биылғы көрсеткіш 384-ті құрайды.

Эльмира Садвокасова