Білім

СҚО-да 8 мыңнан астам бала 1-ші сыныпқа барады

1-ші қыркүйекті петропавлдық Темірлан Әмренов тағатсыздана күтуде. Өйткені, биыл балақай алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Енді оны жаңа достар, ұлғатты ұстаздар мен қызыққа толы 11 жыл күтіп тұр. Ұлдарын ата-анасы Мұрат Айтхожин атындағы №1 орта мектебіне бермекші.

Жанна Темірбаева, ата-ана:

– №1 орта мектебі біздің үйге жақын орналасқан. Әрі мұнда білікті мамандар жұмыс істейді. Тағы айта кетерлігі, оқу ұясында бұрыннан ерекше дәстүр қалыптасқан. Бітіріп кеткен түлектер жыл сайын осында қызметке тұрып жатады. Сол үшін де аталған білім ошағын таңдап отырмыз.

Оқу жылына дайындықты Әмреновтер отбасы ерте бастаған. Жанна Темірбаева сәуір айында электронды үкімет порталы арқылы баласын 1-ші сыныпқа қабылдау туралы өтініш білдіріпті. Бұл ғана емес, тиісті құжаттардың барлығын қашықтықтан жіберген екен. Жауапты 1 аптадай күтіпті.

Жанна Темірбаева, ата-ана:

– Біз электронды жүйеге ұлымыздың туу туралы куәлігінің көшірмесін, медициналық анықтамалар мен 3/4 фотосуретін жүктедік. Сайтпен жұмыс істеу қиын болған жоқ. Орындалатын амалдар кезең-кезеңмен көрсетіліп тұрды. Аз уақыттың ішінде өтініш жіберіп, жауапты да алдық.

Жалпы, ағымдағы жылы өңірде 8 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттамақ. Оның 2 мыңнан астамы – мемлекеттік тілде білім алатын болады. Өтініштердің 1800-ге жуығы электронды үкімет порталы арқылы, қалғаны ата-аналардың жеке ақпараттық жүйелері және мектепке бару арқылы жасалған екен.

Татьяна Протопопова, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл оқу процесіне кішігірім өзгерістер енгізіліп отыр. Енді 1-ші сыныптың балаларына баға қойылмайды. Және орыс тілінде білім алатындарға «Букварь» пәні оқытылатын болады. Ал, мемлекеттік тілдегілерге «Әліппе» қайта енгізіледі. Сонымен қатар, 2-ші жартыжылдықтан бастап оқу пәндеріне “Цифрлық сауаттылық” қосылады. Және оқушыларға мектеп формасын кию міндетті емес.

Айта кетейік, білім саласының мамандары жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта өткіземіз деген ниетте.

Алтынай Казиканова