ТКШ

Петропавлдықтар жылыту маусымына дайындалуда

Бұл – Назарбаев көшесінің бойындағы 163-ші үй. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей мұндағы пәтер иелері кооперативінің төрағасы Виталий Куль алдағы қауырт маусымға дайындықты бастап кеткен. Қазір ол баспанадағы жылыту жүйесін жуып-шайып жатыр.

Виталий Куль жертөледегі жылу өлшеу аспабын да бір тексеріп шықты. Қажетті дүниені осыдан 4 жыл бұрын «Севказэнерго» серіктестігінің өкілдері тегін орнатып беріпті. Құны шамамен 1 млн теңгені құрайды. Бүгінде бұл сомма тұрғындар тарапынан толық өтелген. Әр пәтерден шамамен 10 мың теңгедей ғана қаржы шыққан екен. Айтуларынша, арнайы жабдық жылуға төленетін қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді.

Виталий Куль, «Автомобилист-2» ПИК төрағасы:

– Бұрындары пәтерлеріміз қатты ысып кеткенде қысымды азайтатынбыз. Бірақ сонда да оған төленетін қаржының құны сол қалпы қалатын. Ал қазір өлшеуіш аспап барлығын автоматты түрде есептеп отырады. Мәселен, көршілес орналасқан кейбір үйдің тұрғындары әр шаршы метрге шамамен 127 теңге төлесе, бізден 87 теңге шығады.

«Петропавл жылу желілері» серіктестігінің мамандары тұрғындарға қысқа әзірлікті қазірден бастау қажет дейді. Яғни, балконды жылыту, ескі терезелерді жаңасына алмастырып, қабырғаларды қаптау. Осы шаруалардың барлығы сапалы түрде атқарылатын болса, үйге берілетін жылудың 40 пайызын үнемдеуге болады екен.

Виталий Холоша, «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас инженері:

– Қазірден құбырларды жуып-шая бастау керек. Жарық-тесіктердің барлығын жамап, суық өткізбестей етіп қаптау қажет. Подъезді де жыл ұстау маңызды. Себебі қыста адамдар кіріп-шыққан кезде, үй суып кетеді. Сондай-ақ, петропавлдықтарға жылу өлшейтін құрал орнатуға кеңес береміз. Ол қаржыны 15-20 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жалпы, Петропавлда қазір 1100-ден аса көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінде оның 500-ден астамында жылу құбырларын жуып-шаю жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, 728 үйдің тұрғындары баспаналарының жертөлесіне жылу өлшеуіш құрал орнатыпты.

Бердимурат Баймухан