Спорт

Олимпиадашылармен кездесу

Жеңіл атлет Ирина Эктова бұған дейін 3 бірдей олимпиадада ел намысын қорғады. 2008-де – Пекинде, 2012-де – Лондонда және осыдан 5 жыл бұрын Риода бақ таластырды. Спортшының жолы Жапонияға да түсті. Биылғы додаға қатысу мүмкіндігін бұрымды Бішкек қаласында өткен халықаралық жарыста иеленгені мәлім. Өкінішке қарай, төртжылдықтың басты бәсекесінде теріскейлік жүлдеге іліне алмады.

Ирина Эктова, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Олимпиадаға барудың өзі – үлкен жетістікпен пара-пар. Жарысқа қатысу, жүлдеге ілігу жолында біраз тер төгілді. Алайда, медаль еншілей алмадым. Карантин өз әсерін тигізді деп білемін. Әзірге үлкен спортпен қоштаспаймын. Бірақ, енді олимпиадаға қатыспаймын деп шештім.

Токиодағы дүбірлі додаға қатысқан келесі теріскейлік – Алексей Луценко. Спортшы үшін бұл жарыстың орны бөлек екендігі айдан анық. Себебі, бұл – оның алғашқы олимпиадасы. Байрақты бәсекеге дейін жерлесіміз атақты Тур де Франс көпкүндігене қатысты. Онда жерлесіміз үздік ондықтың қатарынан көрінді. Ал, Токиода алдынғы қатардағы шабандоздардың тізіміне ілікпеді. Күн шығыс елінде Алексей Луценко 32-ші орынға табан тіреді.

Алексей Луценко, велоспорттан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері:

– Қолдау көрсеткен барлық жерлестеріме алғысымды білдіремін. Әрине, өңірге медаль алып келуді жоспарлап едім. Бірақ, бәрі мен ойлағандай болмай шықты. Олимпиада жоғары деңгейде өтті. Мол тәжірбие жинап қайттым. Енді бірер күн демалып, қайта жаттығуға кірісемін. Бұнымен тоқтап қалмаймын.

Алдағы уақытта ел намысын Жапонияда қорғаған қос спортшы әлем чемпионатымен өзге де байрақты бәсекелерге қатысуды жоспарлап отыр.

Алдияр Айтпаев