Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжарлық диқандар орақ науқанына қамдануда

Алқаптағы астықты шашаусыз жинауда техниканың алар орны зор. Сондықтан қызылжарлық шаруалар әр жыл сайын комбайн-тракторларын жаңартып отыруға тырысады. Биыл біраз техника алыныпты. Олар жақында тантаптарда жүйткімек. Жалпы, алдағы маңызды науқанға аудан бойынша 600-ге жуық комбайн мен 476 жүк көлігі қатысады деп жоспарланып отыр.

Байжан Жанбеков, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімінің бас маманы:

– Ағымдағы жылы Қызылжар ауданына су жаңа 38 трактор мен 9 астық жинайтын комбайн сатып алынды. Олардың басым бөлігі Германия, Канада елдерінен әкелінді. Арасында отандық өнімдер де бар. Техникалардың дені «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы сатып алынды.

Маманның айтуынша, заманауи комбайндар бұрынғыларға қарағанда әлдеқайда қуатты әрі өнімділігі жоғары. Олар істен шықпай бірнеше жыл қызмет ете алады. Негізі, қауырт маусымға қызу қамданған қызылжарлық дихандар орақ науқанына кірісуге сақадай сай отыр. Бүгінде аудандағы 311 агроқұрылымның машина-трактор паркі 82 пайызға әзір екен. Кейбір аграрийлер күздік дақылдарды жинауды бастап та кеткен.

Аманжол Сәкенов, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімінің басшысы:

– Биыл Қызылжар ауданындағы егістік алқап 203 мың гектарды құрады. Оның 138 мыңына дәнді дақылдардың тұқымы сіңірілді. Ал, 41 мыңында майлы өнімдер өсірілді. Ағымдағы жылы ауа райына байланысты орақ науқанын ертерек бастауды жоспарлап отырмыз.

Сөз соңында айта кетейік, облыс бойынша орақ науқанына 7156 бірлік комбайн қатыспақ. Биыл өңір диқандары 37 млрд теңгеден астам қаржыға 1600 техника сатып алған. Аграрийлер тамыздың соңында маңызды науқанға жаппай кірісуді жоспарлап отыр.

Алтынай Казиканова