Спорт

Олимпиададағы қазақстандық палуандарының аяқ алысы

Токиодағы дүбірлі додаға елімізден 11 бірдей палуан аттанған болатын. Бүгінгі күнге дейін грек-рим күресінің шеберлері бақ сынап үлгерді.

Өкінішке қарай, олардың барлығы жарыстан шығып қалды. Көбісі бірінші айналымда-ақ сүрінді. Бұл ретте қырғызстандық спортшылардың мысы біздікілерден әлдеқайда басым екендігін айта кету қажет. Мысалы, 60 келіде өнер көрсеткен Мейрамбек Айнағұловты 1/8 финалда Жоламан Шаршенбеков ұтты. Ал, Эльмира Сыздықованы Айпері Медетқызы тізе бүктірді. Бұған не себеп? Беткеұстар қыз-жігіттеріміздің бір қайнауы кем бе? Бұл жайында ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Алмат Кебіспаев өз ойымен бөлісті.

Алмат Кебіспаев, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері:

– Өзгеріс болды. Қырғыз, Грузия, көршілес Өзбек елдерінде бізбен қатарлас күрескен спортшылар бапкерлікке ауысты. Сол 3-4 жылда нәтижесін беруде. Сол себеп болды деп ойлаймын. Жаттығуларына өзгеріс енгізген.

Жалпы, бұл төртжылдықтың басты бәсекесінде күнде бір сенсация тіркелуде. Жарыста жалғыз біздің ғана емес, өзге де елдердің фавориттері бірінші кезеңнен аса алмауда. Орын алған жағдайларға қатысты Рио олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан еркін, грек-рим және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Гюзель Манюрова түсініктеме берді.

Гюзель Манюрова, Қазақстан еркін, грек-рим және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті:

– Біздің спортшыларға медаль жеңіп алу үшін барлық жағдай жасалды. Бірақ өздеріңіз көріп отырғандай бұл додада фавориттердің өзі сүрініп жатыр. Себебі, олимпиадалық цикл төрт жылға созылады. Осы аралықта биіктен көрініп, жаһандық жарыстың медальін иелену өте қиын. Жеңіске жету жолында кейде моральдық және физикалық тұрғыдан күш жетпейді.

Біздің еркін күрес шеберлерінде ел сенімін ақтайтын әлі де мүмкіндік бар. Тамыздың 4-інен бастап 5 жігіт пен 2 бұрымды өнер көрсетпек. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

Алдияр Айтпаев