Білім

Мұғалімдерге арналған курс

2020-дағы қашықтықтан оқытуға Қазақстан 100 пайыз дайын болмай шықты. Басты проблема – елді мекендердегі интернеттің жоқтығы болса, екіншісі – кейбір мұғалімдердің компьютерлік технологияларды меңгерудегі біліктілігінің жеткіліксіздігі. Онлайн білім беру барысында педагогтардың бір бөлігі үшін слайдтар мен қосымша материалдарды сабаққа қосу қиындық тудырды. Олқылықты жою үшін “Өрлеу” институттары жаңа курсты дайындауға кірісті. Ауқымды жоба ұстаздар қауымын ақпараттық технологиялар саласындағы тың деректермен жақынырақ таныстырмақ.

Ержан Тлеубергенов, “Өрлеу” БАҰО” АҚ департамент директоры:

– Курсты әзірлемес бұрын 20-шы жылдан қараша айында жүргізілген мониторинг мәлімметеріне негіздеп, 7 мың мектептегі 300 мың мұғалімнен сауалнама алдық. Соның негізінде маңызды тақырыптарды талдап, курсты жасадық.

Компьютерлік технологиялар бойынша терең білім ауылдағы әр төртінші, қаладағы әр бесінші мұғалімге қажет екен. Бүгін курстың басталғанына 2 күн болды. Әзірге ел бойынша 6 мың адам қатысуда. Жоспарға сай жоба аясында барлығы 500 мыңдай педагог қамтылмақ. Онлайн оқытылатын сабақтарға edu.kz сайты арқылы тіркелуге қажет. Мұндай таптырмас мүмкіндік тек ұстаздар қауымына емес, педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттерге де беріліп отыр. Болашақ мұғалімдер қазірден-ақ ақпараттық саладағы біліктіліктерін арттыра алады. Алайда, бірден ескеретін жайт – курс соңында берілетін сертификат аттестациялау кезінде есепке алынбайды.

Ержан Тлеубергенов, “Өрлеу” БАҰО” АҚ департамент директоры:

– Біздің курс бойынша сертификатты алу талабы басқалардан өзгеше. Мұғалімдер сабақтар бойынша тестілеуді бірнеше мәрте тапсыра алады. Сондықтан, атестаттау кезінде сертификат есепке алынбайды.

Курсқа қатысу мүмкіндігі қазанның 31-іне дейін сақталмақ. Оқыту барысында мұғалімдер мен студенттерге мессенджерлерде арнайы тағайындалған кураторлар көмек көрсететін болады.

Эльмира Садвокасова