Білім

Мектеп формасын кию міндетті емес

Жаңа оқу жылының жаңашылдығы! Қазақстандық ұл-қыздар үшін мектеп формасын кию міндетті болмайды. Сабаққа балалар классикалық стильдегі киімде де қатыса алады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің фейсбук парақшасында мәлімдеді. Еліміздің бас ұстазы өз басы бірыңғай форманы қолдайтынын айтты. Себебі, бұл – оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетін басты факторлардың бірі. Десе де еліміздегі карантиндік жағдайды ескере отыра, оқушылар мен ата-аналар қауымына дәл осындай жеңілдік жасалмақ. Министр шешімін былай деп түсіндірді:

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Қазір еліміздің көптеген аймақтарында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, Covid-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз. Екіншіден, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін.

Эльмира Садвокасова