Спорт

Петропавлда жазғы биатлоннан ел біріншілігі өтуде

Теріскей төріндегі жарысқа Азамат Серіков Ақмола облысынан келіп отыр. Қазір спортшы соңғы дайындығын пысықтап, сайыс алдындағы үйреншікті үреймен күресуде. Бүгін биатлоншы 4 жарым шақырымға жүгіреді. Жай ғана жүгірмейді, 2 мәрте мергендігін де сынайды. Тапсырмалардың қиындығына қарамастан Азамат топ жаруға ниетті. Бұл оның 3-ші ел чемпионаты екен.

Азамат Серіков, жарысқа қатысушы, Ақмола облысы:

– Бүгінгі жарыс – спринт. Бұл жарысқа жақсы дайындалып келдім. Өзімді жақсы сезініп тұрмын, жұмыс жасауға дайынмын. 2-35 Жақсы жүгіремін. Ату кезінде қиындықтарым бар.

Жарыс та басталды. Сайдың тасындай іріктелген спортшылар бір-бірімен иық тіресе жүгіре жөнелді. Көп кешікпей желаяқтары ату алаңына да жетті. Өкінішке қарай, жастардың басым көпшілігі 50 метр жерде орналасқан нысананы ату кезінде қателіктерге бой алдырды.

Мүлт кеткет спортшылар үшін жарыс одан әрі қиындай түсті. Себебі олар қосымша 75 метрлік айып алаңын жүгіруге мәжбүр болды. Жалпы, Петропавлда ұйымдастарылған ел біріншілігіне 8 облыстан 220-ға тарта спортшы қатысуда.

Виктор Соловьев, жарыстың бас төрешісі:

– Жарыс 28-ші шілде мен 3-ші тамыз аралығында өткізіледі. Ел біріншілігіне 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер қатысуда. Мұндай дүбірлі додаларды 1 жыл бойы өткізбедік. Спортшылар тартысты асыға күтті. Олар Петропавлда бар шеберліктерін, жеңіске деген жігерлерін көрсетеді деген сенімдеміз.

Бүгін жеңімпаздардың есімі жарияланбады. Жеке және командалық нәтижелер жарыстың соңғы күні ғана шығарылмақ. Жүзден жүйрік атанған жастар медаль және грамоталармен марапатталады.

Алдияр Айтпаев