Көлік және жолдар

Петропавлда 59 жастағы әйелді көлік қағып кетті

Петропавлда 59 жастағы әйелді көлік қағып кетті. Оқыс оқиға 1-ші тамызға қараған түні Жамбыл көшесінің бойында орын алды. Түнгі 12 шамасында нәзікжанды бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрғанына қарамастан жолды кесіп өтпекші болған. Сол уақытта Тойота автокөлігін тізгіндеген ер адам жүргіншіні соққан. Салдарынан 62-ші жылғы тұрғын орта жарақатпен қаладағы медициналық мекемелердің біріне жеткізіледі. Жәбірленушінің қазіргі жағдайы белгісіз. Медициналық сараптамадан соң, жүргізушінің сау болғаны анықталды.

Алмас Еркешев, қалалық ПБ Патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:

– Сағат түнгі 00:10 шамасында 1991-жылы туған Тойота автокөлігінің жүргізушісі Жамбыл көшесі бойымен Володарский көшесі жағынан Мүсірепов көшесіне қарай жылжып, Жамбыл және Шәжімбаев көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншіні қағып кетті. Көлік мамандандырылған тұраққа шығарылды. Материал іс жүргізу шешімін қабылдау үшін әкімшілік полиция бөліміне жіберілді.

Алтынай Казиканова