Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі депутаттар алдында есеп берді

Биыл халықты жем-азықпен қамту мәселесі өте өзекті тұр. Аймаққа 850 мың тонна шөп қажет. Бүгінгі күні жоспар толықтай орындалуға жақындапты. Яғни, дермерлердің дені қысқа қамданған. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың сөзінше, үстіміздегі жылы дәнді және майлы дақылдардың бағасы қымбаттайды. Бұған себеп – жаздағы құрғақшылық.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрғақшылықтың салдарынан биыл дихандар аз өнім жинауы мүмкін. Осыған орай баға өседі. Үстіміздегі жылы бидай 83-тен 103 мың теңгеге дейін қымбаттады. Рапстың құны – 180-ге, ал зығырдың тоннасы 250 мың теңгеге дейін көтерілді.

Агротехнологияны қадағалағандарда түсім жоғары болмақ. Мысалы, минералды тыңайтқыштар өнімділікті 3-4 центнерге дейін арттырады. Бірақ, әлі күнге дейін кейбір диқандар оны пайдалану қымбат деп ойлайтын сияқты. Бұл – қате ұғым. Препараттарды сатып алуға бағытталған 1 теңгеден 4 теңге пайда көруге болады екен. Заманауи техниканың да маңызы зор. Жаңа тұқым сепкіштер бір ауысымда 90 гектарға дейін дән еге алады. Ал, өнімділігі жоғары комбайындар ескі техникаға қарағанда 3 есе аз шығын әкеледі. “Жақында іске қосылатын “Claas” зауыты жергілікті аграрийлердің техникасын жыл сайын 6 пайызға жаңартуға септеседі”,- дейді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл “Claas” зауыты 92 комбайн шығармақшы. Қаңтарда біз тракторлар мен егіс кешендерін жинауды бастаймыз. Кәсіпорында 100 трактор мен дән себебін 100 техника әзірленеді. Ал, көктемде комбайндардың жаңа партиясын жинауға кірісеміз. Келесі жылғы жоспар – 300 комбайн шығару.


Сонымен қатар, күзде өңірімізде жаңа кірпіш зауыты іске қосылады. Бұл тұрғын үй салумен айналысатын жергілікті құрылысшыларға үлкен қолдау болмақ. Мәселен, қазір “Жас өркенде” 12 қабатты бюджеттік баспана салынып жатыр. Тағы 6 нысан тұрғызу жоспарда бар. Береке ықшам ауданы мен Уәлиханов көшесінің бойында да көпқабатты үйлердің санын артпақ. Кейбір коммерциялық ғимараттар жаңаша стильде бой көтереді. Бүгінде елордалық және алматылық компаниялар өз жобаларын ұсынған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл құрылыс саласына 27 млрд теңге бағытталды. Былтыр бұл сома 18 миллиардты құраған еді. Алдынғы аталған қаржы көлемі бізге 3,5 мың пәтер тапсыруға мүмкіндік береді. Жақында 12 мыңнан астам солтүстікқазақстандық қоныс тойын тойламақ. Себебі, биыл 30 көпқабатты үй қолданысқа берілмек. Қазіргі күні өңір бойынша 51 көппәтерлі үй салынып жатыр, оның 22-сі – жеке компанияларға тиесілі.

Құмар Ақсақалов жол сапасын арттыру мәселесіне де тоқталды. Сөзінше, биыл аймақтағы 44 елді мекеннің көшелері қалыпқа келтіріледі.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жолдарды жөндеу бойынша жұмыс жалғасуда. Биыл жөндеу жұмыстарымен 813 километр жол, оның ішінде 44 елді мекенде көше жолдары қамтылады. Барлық жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жақсы жолдардың үлесі 74% құрайды. Кешенді жоспардың арқасында біз бұл көрсеткішті 98%-ке жеткіземіз. 2025 жылға дейін 5 мың шақырым жол жөнделмек. Бұл жолдардың бойында облыстағы ауылдардың тең жартысы орналасқан, 250 мың адам тұрады.

Депутаттар халықты ауыз сумен қамту бойынша сұрақ қойды. Қазір кейбір ауылдарда аталған мәселе өте өзекті. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бұл бағытқа биыл 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Үстіміздегі жылы 49 ауылда ауыз су сапасы жақсарады, 3 мыңнан астам отбасы тіршілік нәрін үйге кіргізеді. Кешенді жоспар аясында алдағы 5 жыл ішінде елді мекенде тұратын барлық солтүстікқазақстандықты сумен қамту жоспарланып отыр.

Бердимурат Баймухан