ТЖ

Өңірде шомылу маусымы аяқталды

Сұр бұлт түсі суық қаптады аспан. Даладағы ауа температурасы +14 градусты құрайды. 1 күннен соң табиғаттың келесі мезгіліне де аяқ басамыз. Жаздың жайма-шуақ күндері осылайша артта қалмақ. Осыны ескеріп қаламыздағы гидрологиялық бекеттің мамандары Есіл өзеніне келді. Фархад Гайнулин қайыққа мініп, судың температурасын тексермекші.

Фархад Гайнулин, Петропавл қаласы гидрологиялық бекетінің бақылаушысы:

– Менің қолымдағы аспап «су термометрі» деп аталады. Жағадан 10 метр алыстаған соң, оны 20 сантиметрге өзенге батырамыз. Құрылғыны 5-8 минуттай ұстап тұру қажет. Осылайша, судың температурасын анықтаймыз. Өзен-көлдерді әр мезгіл сайын тексеріп отырамыз.

Тиісті сараптама жасалды. Термометр +15 градусты көрсетіп тұр. Мұндай температурадағы суға түсуге болмайды. Салқын суда адамның бұлшықеттері құрысып қалады екен. Салдарынан кісі жағаға жете алмай, батып кетуі әбден мүмкін. Осыған орай, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өңірде шомылу маусымы жабық деп жариялады.

Марат Мұратов, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Судың температурасы нормадан төмен. Шомылу маусымы бүгіннен бастап жабылады. Тұрғындарға абай болуды ескертеміз. Жаздың жылы күндерінде де біраз адамнан айрылып қалдық. Биыл облыста 22 кісі су құрбаны болды. Олардың 6-ауы – бала.

Балық аулауға шыққан жандар да аса сақ болу қажет дейді құтқарушылар. Қайыққа ауыр жүк артпай, рұқсат етілген жерлерде ғана қармақ салу керек. Және міндетті түрде құтқару кеудешесін кию қажет.

Бердимурат Баймухан