Құқық қорғау органдары

Жыл басынан бері қалада 45 велосипед ұрланған

Бірер күн бұрын полицейлерге Интернациональный көшесіндегі үйлердің кіреберісінде велосипедтің ұрланғаны туралы шағым келіп түседі. Қос дөңгелекті көліктің иесі мүлкінің жоғалғанын кешке таман бірақ байқаған. Бірден тәртіп сақшыларына хабар беріпті. Маңайдағы бейнебақылау камераларының көмегімен күдікті көп ұзамай анықталып, ұсталды.

45 мың теңгенің велосипедін ұрлаған жігіт Жұмысшы кентінің тұрғыны екен. Заң бұзған күні масаң күйде болыпты. Біреудің екі дөңгелекті көлігін мініп кетіп, үйіне апарып қойған. Бұл қылығы үшін ертесіне құрықталды. Айта кетейік, жігіт бұрын сотты болмаған.

Әсет Мұқышев, Петропавл қалалық ПБ екінші полиция бөлімнің тергеушісі:

– Петропавл қаласы ПБ екінші полиция бөліміне велосипед ұрлығы туралы арыз келіп түсті. Жедел-іздестіру шаралары барысында 26 жастағы петропавлдық анықталып, ұсталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы 1-бөліміне сәйкес іс қозғалды. Ұрланған велосипед иесіне қайтарылды.

Жалпы, жыл басынан бері Петропавлда 45 велосипед ұрлығы тіркелген. Оның жартысы ашылған.

Алтынай Казиканова