Ауыл шаруашылығы

Уәлиханов ауданында ірі қараның арам өлуіне не себеп?

Ірі қараның алдымен аяқтары ісініп, ақсаған екен. Кейін жағдай одан әрі ушыққан. Яғни, тұяқтылар бірінен соң бірі қырыла бастапты. Уәлиханов ауданына қарасты Мортық ауылында 1 жарым апаның ішінде 8 бірдей бұзау арам өлген. Уайымға салынған жұрт мал дәрігерін шақыртып, себебін білмек болған. Дегенмен, бұзаулар ісінгендіктен, талдау жасау мүмкін емес екен. Алдын ала болжам бойынша өлім-жітімнің себебі эмфизематозды карбункул болуы ықтимал.

Бақытгүл Рамазанова, Мортық ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– 22-ші шілде күні ауылымызға ветеринарлар келді. Малдардан қарасан ауруын анықтаған көрінеді. Келесі күні барлық басқа жаппай екпе сала бастады. Дегенмен, төрт түліктің себепсіз қырылуы әлі де тоқтаған жоқ. Науқаннан кейін тағы 5-6 мал арам өлді. Тұрғындардың айтуынша, тағы төрт мал ауырып жатыр.

Елді мекен тұрғындары малдарын ауылдан 7 шақырым жердегі жайылымда бағады екен. Өлекселердің басым бөлігі – 3-6 айлық бұзаулар. Арасында сиыр да бар.

Қайырлы Қазанов, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

– Шілденің 21-і мен 22-сі күндері Мортық ауылының жанындағы жайылымда малдардың қырылып жатқаны туралы хабар келіп түсті. Бұзаулардың барлығы биыл туған. Мамандар оқиға орнына барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Барған жағдайда өлген малдың денесі ісініп, бұзыла бастаған. Сол себепті, олардың неден өлгенін анықтау мүмкін емес. Ауруды анықтау үшін сынама мал өлгеннен кейін 2-3 сағаттың ішінде алынуы керек.

Сондықтан, әзірге тек болжам ғана жасалып отыр. Өлім-жітімнің алдын алу үшін эмфиземалы көршиқанға, яғни қарасанға қарсы 400 басқа вакцина қойылған.

Қайырлы Қазанов, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

– Өлген малдар жағылып, орнын дизол ерітіндісімен жуып-шайды. Бүгінде күнделікті мониторинг жүргізудеміз. Мал қырылуының жаңа жағдайы тіркелмеді. Жағдайды бақылауда ұстаудамыз.

Айта кету қажет, бүгінде Мортық ауылының тұрғындарының иелігінде 600 бас қара мал мен 800-ге жуық жылқы бар. Қой-ешкінің саны 2 мыңға жуықтайды.

Алтынай Казиканова