Сатушыға бұйымтайымен қайта келген тұрғындардың дені көп жағдайда сауда орындарында құқықтары бұзылатынын айтып шағымданған.
Сапасыз тауарды алмастыра алмаған немесе оның жай-күйі мен жарамдылық мерзімі туралы ешбір мәліметті біле алмаған. Ал сатып алған дүниесінен кемшілік тауып жатса, кәсіпкерлер оның қайтармақ түгілі айырбастап та бермейді екен.
Ләзім Мияшева, СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
– Тұтынушылардың құқықтары бөлшек сауда жасау кезінде көп бұзылады. Мұндай жағдайлар базар мен дүкендерде, түрлі тауар сататын шағын кәсіпкерлік субъектілерінде жиі кездеседі. Сауда орнының қызметкері немесе оның иесінің тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне мән бермейтін жағдайлар да аз емес.
Оның өзіндік себебі бар дейді Ләзім Мияшева. Айтуынша, өткен жылдың 1-ші қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеру мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий жарияланған екен. Бұл – бизнесті дамытып, кәсіпкерлердің емін-еркін жұмыс істеуі үшін қолға алынған шара. Ал шын мәнісінде мұны жергілікті іскер жандар «жағаны жайлауға жіберу» деп түсінген сыңайлы.
Ләзім Мияшева, СҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:
– Егер тексеріс болмаса, жауапқа тартылмаймыз деп ойлайтын көрінеді кәсіпкерлер. Бірақ, олай емес. Тұрғындардан шағым түссе, міндеттерін орындамаған кәсіпкерлер заң алдында жауап береді. Істері азаматтық сотта қаралатын болады.
Кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға. Қазіргі уақытта облысымызда тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері құрылған. Егер тұрғындардан арыз-шағымдар түсіп жатса, белсенді жандар ешқандай ескертусіз кез келген сауда немесе қызмет көрсету орнына барып тексеріс жүргізе алады. Ал жұмыстарынан қандай да бір кемшілік тапса, тиісті органға хат жолдайды. Сондай-ақ, әділдік іздеген тұтынушы телеграм немесе e-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы бейінді департаментке арыз жолдай алады.
Бердимурат Баймухан