Құқық қорғау органдары

СҚО-да 6 айдың ішінде 2 мыңнан астам қылмыс тіркелді

Үстел үсті қағаз толы папка. Ал әр папканың ішінде аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлеге қатысты маңызды құжаттар жиналған. Әрқайсысын мұқият зерттеу қажет. Себебі, тергеу барысында тұтас қылмыстың мән-жайы белгілі болады, тұтас бір тағдыр шешіледі. Бұл жауапкершіліктің жүгін облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Николай Попов жақсы біледі. Оның бұл салада қызмет етіп жүргеніне 20 жыл болыпты.

Николай Попов, СҚО ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі:

– Еңбек жолымды Жамбыл ауданында тергеуші болып бастадым. Ол кезде небәрі 23 жастағы жас жігітпін. Тәжірибем де жоқ десем болады. Бірақ, білікті әріптестерімнен біраз дүние үйрендім. Тіпті, 2005 жылы “облыстың үздік тергеушісі” атандым. Бұл мен үшін үлкен жетістік болды.

Ал 2009 жылы Николай Васильевич Петропавлға ауысады. Ауданда ол ұрлық, алаяқтық сияқты қылмыстардың бетін ашса, мұнда оған мүлдем басқа міндет жүктелді. Білікті маман аса ауыр қылмыстарды тергеп-тексеруге жауапты болып тағайындалды. Әр іске қатысты материалды талдау, фактілерді жинау, әрине, оңай емес дейді. 11 жылдың ішінде талай аса ауыр қылмыс тергеген маманның сөзінше әр іс есте сақталады.

Николай Попов, СҚО ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі:

– Менің тәжірибемде ең ауыр әрі қатыгездікпен жасалған қылмыс 2017 жылы Мамлют ауданында тіркелді. Естеріңізде болса, әжесі жаңа туған немересін пешке жағып жіберген болатын. Бұл жантүршігерлік оқиға жанға қатты батты. Сол жерде тергеу жүргізудің өзі мен үшін қиын болды. Кинода тергеушілерді қатал мінезді, жүрегі жоқ адамдай етіп көрсетеді. Алайда, бізде де жүрек бар.

Николай Поповтың сөзінше біздің өңірімізде жыл санап аса ауыр қылмыстардың саны азайып келеді. Мәселен, өткен жылдың сәйкес мерізімімен салыстырғанда биыл 8,7 пайызға төмендеу байқалады. Осы ретте айта кетейік, өңірде 6 айдың ішінде жалпылай алғанда қылмыстық статистика 10,5 пайызға азайған. Енді әрқайсысына жекелей тоқталсақ. Қаңтар-маусым айлары аралығында аймақта ұрлық 17,4 пайызға кеміген. Дегенмен, ұсақ құқық бұзушылық өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12 пайызға артқан екен. Тәртіп сақшыларының сөзінше облыс аумағында соңғы жылдары интернет-алаяқтық жиілеп кеткен.

Руслан Назаров, СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Жыл басынан бері өңірде 300-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 40 пайызға көп. Жасалған қылмыстардың тек әрбір бесіншісінің ғана беті ашылған. Әлеуметтік желілерде отыратын пысықайларды табу қиын. Көбіне егде жастағы адамдар алданып қалып жатады. Осы орайда біз тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері жарты жылдың ішінде синтетикалық есірткі әзірленетін 3 зертхананы анықтаған. Заңсыз есірткі айналымынан 125 келі түрлі наша тәркіленіп алынған.

Дана Ешкенова