Өңірде тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шаралар өткізілуде

Ерiктiлер

22:28 30 Шілде 2021

Өңірде үстіміздегі жылдың көктемінде ел тәуелсіздігінің мерейтойын тойлауға қатысты жоспар құрылған екен. Оған спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар енгізіліпті. Бүгіннің өзінде осы бағыттар бойынша 3 жарым мыңға тарта іс атқарылған.

Бағдат Мұқанова, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:

– Оның ішінде халықаралық – 1, республикалық деңгейде – 8 іс-шара. Облыстық деңгейде – 943, ал қалалық деңгейде – 756, аудандық деңгейде 1782 іс-шара өткізілді. Жұмыстардың барлығы қатаң карантиндік шараларды сақтай отыра жүргізіледі.

Тұғырлы тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өңірде тағы бірқатар маңызды, тарихи-танымдық іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Бағдат Мұқанова, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:

– Екінші жартыжылдықта республикалық «Бабалар ұлағаты» атты жыршы-термешілер байқауын ұйымдастырамыз. Абылай ханның 310 жылдығына орай «Ордасы ұлы – Абылайдың» көрмесі өткізіледі. Спорттық бағытта кикбоксинг пен еркін күрестен республикалық жарыстар жалауын желбіретеді.

Тәуелсіздікке тарту ретінде биыл еріктілер де біраз шаруаның басын қайырған. Қыста волонтерлер “Жылы жүрек” акциясы арқылы далада жұмыс істейтін жандарға шәй мен ыстық бауырсақ таратты. Ал “Өзгеге өмір сыйла” жобасы арқылы талай адамның жанына жылу сыйлады. Сондай-ақ, мемлекет басшысы бастаған «Ізгі істер марафоны» аясында да өңір жастары 700-ге жуық игі іске себепкер болған.

Анастасия Волкова, облыстық ішкі саясат басқармасы қоғамдық даму және ақпарат орталығының бөлім басшысы:

– Игі істер марафоны» республикалық жобасы аясында күнделікті 300-ге жуық ерікті көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруде. Жыл басынан бері бұл жоба арқылы 7 мыңнан аса жерлесімізге көмек көрсетілді. Бұл игі істі алдағы уақытта да жалғастырамыз.

Облыс жұртшылығы қазіргі уақытта “Мен үшін тәуелсіздік деген не?” жобасына қатысып жатыр. Белсенділік жоғары деседі. 38 қатысушының патриоттық сезімге толы бейнежазбалары әлеуметтік желілерде #Qazaqstan30 хештегімен жарияланды.

Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз

Егде жастағы волонтерлер жастарға арнап тренинг өткізді