Экология

Облыста 250-ге тарта заңсыз қоқыс төгілген орын анықталды

Бұл – Кирпичный ықшам ауданындағы көрініс. Аталған кент тұрғындары тұрмыстық қалдықты, күл-қоқысты жыл сайын осы жерге әкеп, үсті-үстіне үйе береді екен. Ал ауданға қоқыс салатын контейнер орнатуға тұрғындар наразы. Мәселенің шешімі болатын келісім шартқа қол қоймай отыр.

Тұрғындардың немқұрайлығынан туындаған күл-қоқысты бүгін “Коммунхоз” серіктестігінің жұмысшылары жинастырып жатыр. Аумақты тазалау үшін екі күн кетеді дейді. Кейін қоқыс толған басқа жерге ойысады.

Олег Гаврилов, қалалық ТҮКШ автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Қалада бұндай қоқыс жиналған 63 орын бар. 46-сын жинастыруға болады. Дені Жұмысшы кентінде, Жуков пен Пушкин көшелерінде орналасқан. Ал қалғаны жекеменшік аумақтарда орын тепкен.

Облыс бойынша бейберекет жайылған 250-ге тарта қоқыс мекені бар. Жалпы, бұндай заңсыз орындарды эколог мамандар жыл сайын қар еріген кезден бастап анықтауға кіріседі екен.

Наталья Аржанникова, СҚО бойынша экология департаментінің бас маманы:

– Бұл шаруамен жергілікті атқарушы орган өкілдері айналысуы қажет. Себебі, экологиялық кодекс талаптарына сәйкес аумақтың тазалығы үшін аталған тұлғалар жауап береді. Жиналған күл-қоқыс полигонға жеткізіледі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетовтің тапсырмасымен қолға алынған тазалық шарасы тамыз айының ортасына дейін тындырылуы тиіс.

Алдияр Айтпаев