Қоғам

Темірден түйін түйген шебер

Бұл – Владимир Тороповтың шағын шеберханасы. Мұндағы темір сауыт-сайман, болат қылыштар, ортағасырлық Еуропа батырларының киімдері мен қарулары бірден көзге түседі. Көптеген дүниелерді шебер Ресей елінен әкеліпті, ал кейбірін өз қолымен жасаған екен. Мәселен, мына “бацинет” атты дулығаны Владимир өз қолымен темірден соққан. Қорғаныш бас киім сонау 12-ші ғасырда қолданылған екен.

Владимир Тороповтың бұл іспен айналысып жатқанына 10 жыл болыпты. Ортағасырлық “рыцарьлардың” киіміне студенттік кезден бастап қызығушылық таныттым дейді. Мәскеуге барып, ортағасырлық Еуропа батырының киімі мен қаруын жасайтын шеберлерден дәріс алған. Бүгінге дейін ол өз қолымен 10-ға жуық жауынгерлік костюм жасаған. Ол үшін біраз уақыт пен күш жұмсапты.

29 жастағы шебер жастарға жауынгерлік өнердің көне түрлерінің бірін жіті таныстырып, үйретеді. Өзі семсерлесу шеберлігін меңгеріп алған екен. Үш жыл бұрын Петропавлда арнайы секция ашқан. Бүгінде үйірмеге 30-ға жуық жас келіп жүр.

Владимир Торопов, «Temir Tumen» тарихи қайта құру клубының
петропавлдық бөлімшесінің жетекшісі:

– Қызығушылық танытқандарды семсерлесу өнерінің техникасына, негіздеріне үйретемін. Жалпы, бұл спорт түрі Ресей мен Еуропа елдерінде аса танымал. Дегенмен, жыл сайын жергілікті тұрғындар арасында да қызығушылық артып келеді. Тіпті, облыс орталығында семсерлесуден жарыстар ұйымдастырылып тұрады.

Петропавлдағы семсерлесу секциясына 7 жастан бастап қатысуға болады. Бүгінде жауынгерлік спорт түрімен ұлдармен қатар қыздар да айналысып жүрген көрінеді.

Дана Ешкенова