Білім

Солтүстік Қазақстан облысына – 85 жыл

СҚ мемлекеттік архивінде бүгінде 1,5 млн-нан аса құнды құжат сақтаулы. Әрбір парақтағы мағлұмат өлкеміздің тарихын баяндайды. Солтүстік Қазақстанның өткенінен сыр шертетін деректердің бірқатарын мамандар конференция аясында ұйымдастырылғанн көрмеге әкеліпті. Оның барлығы дерлік бұған дейін тұрғындарға таныстырылған болатын. Тек біреуі жұртшылық назарына алғаш рет ұсынылмақшы.

Сәуле Мәлікова, СҚ мемлекеттік архивінің директоры:

– Москва қаласындағы мемлекеттік архивтен қаулының түпнұсқасын таптық. Соның көшірмесін алып, қазір көрсетеміз. Бұған дейін біздің қолымызда газетке шыққан шешім болатын. 1936 жылдың 29 шілдесінде Қарағанды облысын екіге бөліп, Солтүстік Қазақстан облысы, орталығы – Петропавл, Қарағанды облысы, орталығы – Қарағанды қаласы деген шешім шықты.

Аумағы – 200 мың шаршы шақырым, құрамында 25 аудан мен тұрғындар саны – 800 мың. Тура 85 жыл бұрын еліміздің картасында Солтүстік Қазақстан облысы пайда болды. Бұл теріскейліктер үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңі деп танылды. Әр сала бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Ұлы Отан соғысы кезінде Ресейде орналасқан зауыттар жаппай бізге көшірілді. Қан майдан аяқталғанда да кәсіпорындар жұмысын СҚ-да жалғастырды. Осылайша, өнеркәсіптің өркендеуінің алғашқы қадамдары жасалды.

Ал 1954 жылы өлке тың игеру науқанына қосылып, 19 совхоз ұйымдастырылды. Өңірге жер-жерден 18 мың қыз-жігіт қоныс аударып, алқаптардағы жұмысқа кірісті. Құнарлы жерлерге егін егуді қолға алды. Нәтижесінде облыс аграрлы аймаққа айналды. 60-70-ші жылдары қорғаныс өндірісі алға басты. Одан кейін экономика, онымен бірге Кеңес үкіметі де құлдырап, Қазақстан жаңа дәуірге аяқ басты.

Анатолий Башмаков, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

– Тәуелсіздік алған жылдары бүкіл Қазақстан, оның ішінде солтүстік өлкеге өте қиын болды. Себебі, өзге мемлекеттермен арадағы экономикалық байланыс үзілді. Өндіріс ошақтары бірінен соң бірі жұмысын тоқтатып, тұрғындар жұмыссыз қалды. Жарық, жылусыз отырған күндер әлі есімізде. Бірақ, солтүстікқазақстандықтар мойымады. Олар алда жарқын күндердің болатынан сеніп, ертеңге үмітпен қарады. Бүгінде сол жарқын күндерге жетіп отырмыз.

Бірақ, Солтүстік Қазақстан дегенде соңғы 85 жылды ғана сарапқа салу дұрыс емес әсте. Өлке тарихының тамыры тереңде. Сонау тас дәуірінен басталып, өңірімізді бүкіл әлемге танытқан энеолитпен жалғасады. Біздің заманымызға дейін 4-5-ші ғасырларда Айыртау ауданында орын тепкен Ботай қонысында дүниежүзі бойынша алғаш рет жылқы қолға үйретілді. Киелі жерімізді сақтар да мекен етті. Ал 2019-да Уәлиханов ауданында Алтын орда дәуірінен қалған Қызыл оба ескерткіші табылды. Бүгінде қорым жіті зерттеліп жатыр.

Эльмира Садвокасова