Аптадағы маңызды жаңалықтар

Соколов орман шаруашылығында 100 мың текше метр отын дайындалады

Қыс шанаңды жаз сайла! Осы бір қағиданы қатаң ұстанған Василий Овчинников отын дайындауға қазірден білек сыбана кірісіп кеткен. Красноярка селосының тұрғыны ағашты бірнеше жыл Соколов орман шаруашығынан алады екен. Бүгін ол қайыңдарды құлатып жатыр. Ертең інісі және ұлын ертіп, дайын дүниені үйіне таситынын айтады.

Василий Овчинников, Красноярка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бұл жақтың ағашы жақсы. Үйім 4 бөлмелі. Моншам да бар. 1 қысқа 15 куб отын молынан жетеді. Денсаулығым келіп тұрғанда барлық шаруаны өзім атқарғым келеді. Жалпы, отынның бағасы қолжетімді. Былтырғыдан 200 теңгеге ғана өскен.

Биыл отынның 1 текше метрі 2 мың теңге тұрады. Бір көлікке 5 куб кетеді екен. Оның бағасы 42 мың теңге маңайында болмақ. Жалпы, үстіміздегі жылы Соколов орман шаруашылығының мамандары ағаштың 100 мың текше метрін кесуді жоспарлап отыр. Оның 62 мыңы халықты отынмен қамтамасыз ету мақсатында игерілген.

Зада Аманжолова, Соколов орман шаруашылығының инженері:

– Негізгі отыннан басқа шөмшөк те сатылады. Әрбір орманшылық тұрғындарды шөмшөкпен қамтамасыз етеді. Яғни, отын алуға жағдайы жоқ адамдар бағасы арзандау болғандықтан, соларды сатып ала алады. Мысалы, қайыңның бағасы – 122, қарағайдыкі – 160 теңге.

Алтынай Қазиқан, тілші:

– Қанша ағаш кесілсе, орнына дәл сонша қайта егіледі. Көшет егу жұмыстары келесі көктемде жүргізіледі. Кейбір кесілген жасыл желектің тамыры өздігінше көктей береді. Міне, мына бір түп қайыңның діңгегіне ара көктемде тиген екен. Қазір жаздың ортасы, біраз көтеріліп қапты.

Жалпы, Соколов орман шарушылығының аумағы 78 мың га жерді алып жатыр. Оның ішіне 5 шаруашылық кіреді. Мәселен, Виноградов орман шаруашылығынан бүгінге дейін солтүстікқазақстандықтар 2 мың текше метр отын сатып алған. Халықты жылу көзімен қамтасыз ету жұмыстары маусым айында басталыпты. Шаруа желтоқсанға дейін жалғасады.

Зада Аманжолова, Соколов орман шаруашылығының инженері:

– Бізде кезінде тендер ұтып алған жандар бар. Олардың әрқайсысы өздерінің міндеттеріне байланысты отынды қажеттіліктеріне жұмсайды. Мысалы, Ахмутдинов орманы 25 мыңнан астам текше метрдің 21 мыңын игеріп үлгерді. Олар орман пайдаланушылары болғандықтан, өздерінің цехтары бар.

Айта кетейік, облыста отын дайындаумен 12 орман шаруашылығы және 20 орман пайдаланушы айналысады.

Алтынай Казиканова