Білім

«Радуга» серіктестігі МЖӘ аясында Бескөлдегі мектепке жөндеу жүргізіп жатыр

Бескөл мектеп-колледжін жөндеуге маусым айында кірісіпті. Әзірге, жоспардың жартысына жуығы орындалған. Айтуларынша, Білім күніне жақын бәрін тындырып үлгереді. Қалыпқа келтіру шаралары 2 мың шаршы метр жерді қамтыған. Мұндай күрделі жөндеу мұнда алғаш рет қолға алынып отыр. Мектеп 50 жыл бұрын салынса да бүгінге дейін тек жеңіл-желпі жөндеу жүргізілген екен. Инвестордың сөзінше білім мекемесінің жағдайы мүшкіл болған көрінеді.

Пётр Шарапаев, “Радуга” ЖШС атқарушы директоры:

– Биыл шамамен 270 млн теңге игеріледі. Негізгі атқарылатын жұмыс түрлері: жылыту жүйесін күрделі жөндеу – бұның өзіне 50 млн теңге қажет, электр желілерін тартамыз, аумаққа қоршау қоямыз.

Биылғы оқу жылында кемінде 900 бала келуі тиіс. Оқу кабинеттері жетіспейді. Сол себепті, мектепке жапсарлас салынған нысанды түпкілікті жөндеп, кәдеге жаратуды жөн көріпті. Қос қабатында төменгі сынып оқушылары оқиды, ал 3-ші қабаты интернат болады.

Мынау – асхана. Бұл мақсатқа арнайы бөлме қарастырылыпты. Бұған дейін мектепте тамақтанатын жер болмаған екен. Ас әзірленетін бөлмеге қойылатын сужаңа жабдықтар жеткізіліпті. Биыл спортзал да жаңарады.

Көнерген едені жалтырайды, спортпен айналысуға арналған паркет төселеді. Сыныптың сәкісі де ауыстырылады. Жаңа жиһаз қойылады. Жуық арада қажет техника жеткізіледі. Бұл игіліктің бәрі мектеп үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолжетімді болып отыр.

Пётр Шарапаев, “Радуга” ЖШС атқарушы директоры:

– «Радуга» компаниясында мың жарымнан астам адам жұмыс істейді. Негізі, кадр жетіспейді. Осы орайда маман тәрбиелеу қажеттігі туындады. Түрлі әдіс-тәсілді сынап көрдік. Колледждермен де әріптестік ұстандық. Бірақ, түбінде барлығын өндіріс орнында оқыту қажет болды.

Осыдан өздерінің колледжін ашу туралы ой келіпті. Теориясы аз, есесіне практикасы көп. Тәжірибенің 80 пайызы өндіріс орнында өтеді. Оқыту мерзімі – 2 жыл 10 ай.

Татьяна Мишкина, “Бескөл мектеп-колледжі” ЖШС бас директоры, Қызылжар ауданы:

– Жастарға өндірістік тәжірибе барысында кәсіпорын тарапынан стипендиядан кем болмайтын өтемақылық төлем төленеді. Дуалдық жүйе аясында оқыту мерзімі еңбек өтіліне кіреді. Сондай-ақ, жастардың барлығы жұмыспен қамтылады. Бұған кепілдік береміз.

Өткен жылы тәжірибе жинақтау курстарына 11-ші сынып оқушыларынан 20 адам қабылданған екен. Бірақ, әуелде меже 9-шы сынып оқушыларын оқыту болған екен. Діттегендеріне биыл жетіп отыр, тиісті сертификат алыпты. Жалпы білім беретін пәндерді жастар мектепте оқиды, бұл инвестор үшін тиімді. Колледжге биыл 25 адам қабылданады. Петропавл, Бескөл мен көрші елді мекен тұрғындарынан 23 өтінім жолданыпты. Колледж түлектеріне бағдарламалық басқару жүйесі бар станок операторлығына сертификат беріледі. Яғни, олар өңірдегі іргелі кәсіпорындарда тұрған өнеркәсіптік жабдықтарды меңгере алады.

Алдияр Айтпаев