Қоғам

Батыстағы ағайынға көмек

Бұл Маңғыстау облысында осыдан бірнеше апта бұрын орын алған жайт. Жаздағы жауын-шашынның жоқтығынан төрт түлік мал шөптің орнына картон жеп жүр. Ол – ол ма? Қамбар ата төлі даладағы күл-қоқысты ауызбен теріп, азық еткен. Батыстағы жағдайды естіп-көрген мұсылман бауырлар құр қарап отыра алмаған екен.

Қасымхан қажы Исаев, “Қызылжар” қалалық мешітінің бас имамы:

– Құрбан айт мерекесі қарсаңында ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен “Қиындықта ел бірге” атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Ол акцияға еліміздегі мешіттердің барлық қызметкерлері, “Зекет және қайырымдылық” қорының жамағаты ат салысты.

Акция бастала сала мұсылман бауырлар Каспи қосымшасы арқылы “Зекет және қайырымдылық” қорына ақша жинап, көмек беруге асыққан екен. 2-3 күннің өзінде ел бойынша 6 млн теңге жиналыпты. Игі іске солтүстікқазақстандықтар да ат салысып, 300 мың теңгеден астам қаржыны батысқа көмек ретінде берген екен. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен жиналған ақшаға жалпы 7 мың тонна шөп сатып алыныпты. Батыстағы бауырларға көмек беру әлі де жалғасуда.

Қасымхан қажы Исаев, “Қызылжар” қалалық мешітінің бас имамы:

– Барлық ат салысқан жандарға Алла разы болсын. Әлі де қаражат жинау жалғасуда. Алдағы уақытта жиналған қаражатты жібереміз.

“Зекет және қайырымдылық” қоры бұл игі істен бөлек талай жанның басына баспана алып беріп, талайына гуманитарлық көмек көрсеткен. Алдағы уақытта қор қызметкерлері жаңа оқу жылы қарсаңында көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларға жәрдем бермек. Оқушы ұл-қыздарға сөмке, қалам дәптер алып беруді жоспарлап отыр.

Алдияр Айтпаев