COVID-19: Қазақстан

СҚО-да 2 аптада 20 жүкті әйел коронавирус жұқтырған

Коронавирус жас талғамайды. Пандемия белең алғанда негізінен егде жастағы жандардың ауырғаны мәлім. Дегенмен, қазір балалар арасында да сырқатқа шалдыққандар саны артып барады. Статистикаға сүйенсек, соңғы 2 апта ішінде өңірде 100-ден астам бала вирус жұқтырған. Жалпы, тәж вирусы тап бергелі 709 балғын науқастаныпты.

Асқар Сақыпкереев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Былтыр балалар негізінен аурудың симптомсыз түріне шалдығатын. Қазіргі таңда ұл-қыздардың бойынан инфекция белгілері анық білінеді. Айта кеткен жөн, балғындарға ковид үлкендерден жұғады. Бүгінде 22 ұл-қыз – стационарда, 153-і амбулаторлық деңгейде ем қабылдауда. 91 бала вирустың симптомсыз түріне шалдықққан.

Сонымен қатар, жастар арасында өлім-жітім де көбейген. Жуырда 96 жылы туған азамат коронавирустың құрбанына айналыпты. Әрі жүкті әйелдер де ковид-19-ды жиі жұқтыра бастаған. Соңғы 2 аптада 20 нәзікжанды дертке шалдыққан.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Аяғы ауыр келіншектердің бойында пневмония өте кеш байқалады. Өйткені, жүкті нәзікжандылар үшін ентігу – қалыпты жағдай және рентгенде өкпенің қабынғаны дұрыс көрінбейді. Ауру жұқтырған 20 әйелдің жетеуі өте ауыр жағдайда келіп түсті. Абырой болғанда, алтауы емделіп шықты. Соңғысы әлі де дәрігердің бақылауында.

Бала күтіп жүрген нәзікжандылар екпе алғылары келген екен. Алайда, талапқа сәйкес бұған тыйым салынған және жүкті әйелдердің барлығына вирус вакцина алмағандардан жұғыпты. Сондықтан, санитар мамандар барлық халықты иммундау шарасынан өтуге шақырады әрі қазір жағдайдың қайта ушыққанын ұмытпаған абзал.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Петропавл қаласында – 416 жағдай, өсім 3 есеге өскен. Тайынша ауданында – 94 жағдай немесе 3,9, Қызылжарда – 3 есеге, Жамбыл ауданында – 88 жағдай, ал Айыртау ауданындағы көрсеткіш 2,2 есеге өскенін байқаймыз. Сырқаттанғандардың 57 пайызының жасы 40 жастан төмен.

Жалпы, өңірде 130 мыңнан астам солтүстікқазақстандық иммундаудың толық кезеңінен өткен. 190 мыңнан астам адам екпенің бірінші компонентін ғана қойдырыпты. Вакцина алғандардың 290-ы індет жұқтырып алған. Дегенмен, барлығының жағдайы жақсы.

Алтынай Казиканова