Көлік және жолдар

Петропавлда жаңа 53 автобус қолданысқа берілді

«Yutong» маркалі мына автобустар Қостанай қаласынан жеткізілген. Темір тұлпарлар “СарыарқаАвтоПром” кәсіпорнында құрастырылған. Заманауи үлгіде жасалған қоғамдық көліктің іші кең. Сыйымдылығы шамамен 50-60 орын.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Бүгін 53 автобус қолданысқа тапсырылды. Қазір олар толық рәсімдеуден өткен соң өз бағыттары бойынша жолға шығады.

Осы ретте айта кетейік, 27-ші бағытқа 5 бірдей су жаңа автобус қарастырылған. Салонның ішіне бейнебақылау камерасы орнатылған. Кондиционері бар. Қыста жылытатын пеші де қауқарлы екен.

Автобустың тағы бір артықшылығы бар. Мүгедек жолаушыларға арналып пандус жасалыпты. Жалпы, мұндай темір тұлпардың біреуінің құны 43 млн теңгеден асады.

Галина Семёнова, “СҚО автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Автобустар облыстық әкімдікпен бірлесіп сатып алынды. Қоғамдық көліктердің бағасы қымбат. Мысалы, 10 жарым метрлік темір тұлпар 43 млн 200 мың теңге тұрады. Ал 8, жарым метрлігінің құны – 38 млн 600 мың теңге. Бұл автобустарды мемлекеттік қолдаусыз ала лмас едік. Осы ретте айта кетейін, жолақы сол баяғы 80 теңге көлемінде қала береді.

Мына су жаңа автобус толығымен рәсімдеуден өтті. Темір тұлпар орнынан қозғалып, белгілі бағыт бойынша жүріп келеді. Қоғамдық көліктің іші тап-таза. Орындықтары да жұмсақ әрі жайлы екен. Автобусқа кіріп жатқан жолаушылар бірден оң бағаларын берді.

– Бұрынғы автобустармен салыстыруға да келмейді. Іші өте кең екен. Заман талабына сай етіп жасалған.

– Жолаушының жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін барлығы қарастырылған. Орындық та жетерлік.

– Мен 27-ші бағыт бойынша жиі қатынаймын. Бұл темір тұлпар біз мінген микроавтобустардан 100 есе артық.

Сөз соңында айта кетейік, су жаңа автобустарға электронды жолақы төлеу жүйесі орнатылған әрі тұрғындар жол ақысын қолма-қол өтей алады. Сондай-ақ, әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне қоғамдық көлікпен тегін қатынау мүмкіндігі қарастырылған. 9 жарым мың петропавлдық барлық қоғамдық көліктер электрондық жүйеге ауысқан кезде тегін қатынайтын болады. Жалпы, күн сайын қала ішінде 20 бағыт бойынша 150-170 автобус қатынайды.

Дана Ешкенова