Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ақсап тұрған жол сапасы әкімдік отырысында айтылды

Жиын кадрлық ауыс-түйістен басталды. Облыс әкімі кәсіпкерлер палатасының жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымға Әлібек Әшметов тағайындалды. Ал ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары басқармасына енді Мейрам Мендібаев жетекшілік етеді. Азамат 2018 жылға дейін біздің өңірде еңбектенген. Құмар Ақсақалов әріптестеріне жаңа қызметтерінде сәттілік тілеп, күн тәртібіндегі мәселеге көшті.

Аймақтағы жолдардың жалпы ұзындығы 9 мың шақырымды құрайды. 69 пайызының жағдайы көңіл көншітерлік. Көрсеткішті арттыру үшін 2020 жылы 148 жоба жүзеге асырылып, 850 км қалыпқа келтірілді. Оның 36-сында – күрделі, 160 шақырымында – орташа, 292 км-інде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған мақсатқа 27 млрд теңге бағытталған. Осылайша, сапасы нормаға сай келетін жолдардың үлесі 4 пайызға артты. Шаруа биыл жалғасын таппақ.

Мақсат Баяхмет, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Биыл жол сапасын жақсарту үшін 24,5 млрд теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары шамамен 760 км аралықта жүргізілмек. Оның ішінде 41 елді мекеннің жалпы ұзындығы 168 км ауылішілік жолдар қалыпқа келтіріледі. Бүгінде басқарма мен мердігерлер арасында 21 келісім шарт жасалды. 1 нысан бойынша конкурс созылып кетті. Істі атқаруға аз уақыт қалғандықтан, қаржыны басқа бағытқа жұмсаймыз.

Атап айтсақ, әбден тозып, аққайыңдықтарды мезі қылған Смирново-Қиялы аралығында күрделі жөндеу жүргізілуде. Саумалкөл мен Новоишимканы байланыстыратын жол да салынады биыл. Жоспар ауыз толтырып айтарлықтай. Бірақ, жұмыс көлемінің көптігінен, оның сапалы атқарылуы маңыздырақ. Бұл жағы бізде ақсап тұр. Өткен жылы жергілікті әкімдік Ұлттық сапа орталығымен 39 млн теңгеге келісім шарт жасасыпты. Бұл қаражатқа мамандар өңірде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының тең жартысын тексеруге міндеттелген. Нәтижесінде екі жоба бойынша тәмамдалған іс қабылданбапты. Себебі, жол нормаға сай келмейді.

Мақсат Баяхмет, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Тимирязево-Ақсуат аралығын жөндеуге бөлінген 160 млн теңге бюджетке қайтарылды. Кішкенекөл-Телжан-Мортық бағытындағы су өткізгіш құбыр да қолданысқа енгізілген жоқ. Қазынаға 10 млн теңге аударылды. Бүгінде мердігерге қатысты сот процедуралары жүргізілуде. Компанияларды қара тізімге енгізу көзделген.

Үстіміздегі жылы Ұлттық сапаға бейінді басқарма 19 млн теңге бөліпті. Жуырда тағы 20 млн-ның келісім шарты жасалмақ. Мамандар жыл басынан облыстық маңызы бар жолдарға шығып, 13 учаскені тексерген. Алынған 40 сынаманың 17-сі нормаға мүлдем сай келмейді. Яғни, мердігерлер істі жүрдім-бардым атқарып, жауапсыздық танытқан. Енді компаниялар олқылықтарды жоюға міндеттеліп отыр. Өкініштісі сол, мұндай техникалық қадағалауды мамандар тек толық қалыпқа келтіріліп жатқан жолдарда ғана жүргізуде. Ал орташа жөндеу жұмыстарының сапасы назардан тыс қалып жатыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Заң бойынша орташа жөндеу жұмыстарына техникалық қадағалау мамандарын тарту міндет емес. Бірақ, бұл шаруаға бюджеттен миллиондаған, тіпті, миллиардтаған ақша бөлінеді. Кейін сол қыруар қаржыға жасалған жолдың сапалы болатынына сенім бар ма? Бұл жағын бейінді басқарма мен аудан әкімдері өз қолдарына алуы қажет. Ұлттық сапа орталығымен келісім шарт жасасып, қомақты қаражат бөлінетін жол жөндеу жұмыстарының барысын бақылау керек.

Қалыпқа келтірілген асфальтті әп-сәтте бұзатын тағы бір фактор – жүк көліктері. Астықты таситын ауыр машиналарға байланысты норма бар. Темір тұлпардың 1 осіне түсетін салмақ 8 тоннадан аспауы тиіс. Бірақ, оған пысқырмайтындар да кездесіп жатады. Ортақ ережеге бағынбайтындардың барлығын бірдей анықтау физикалық тұрғыда мүмкін емес. Сондықтан, алдағы уақытта жаңа электрондық жүйе іске қосылмақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Жүк көлігінің салмағын өлшейтін арнайы электрондық таразылар орнатылады әрі бейнебақылау камералары іске қосылады. Ал жолсапар қағазы арқылы жүргізушінің қайдан шығып, қайда жол тартқандығын көруге болады. Осылайша, құқықбұзушыларды тез арада анықтаймыз. Тың жүйе көп күттірмей өз нәтижесін береді.

Ауыр жүк көліктерінің жүргізушілерін тәртіпке келтіретін әдіс табылды. Ендігі кезек – кәсіпкерлерде. Өңірде трасса бойында қызмет көрсететін бизнесмендердің мәселесі талай мәрте көтерілді. Айтқанмен, өзгеріп жатқаны шамалы. Бүгінде жолда орын тепкен 49 нысанның жағдайы мүшкіл. “Қазавтожол” компаниясы іскер жандармен тілдесіпті. Айтуларынша, жөндеуді жүргізетін қаражаттары жоқ – пандемияның салдары.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Трасса бойында дәмхана емес, лашық үйлерді қаптатып қойған. Бірнеше әжетхана қойғандарымен мақтанады. Бұл талапқа мүлдем сай келмейді. Кәсіпкерлермен жұмысты күшейтіңіздер. Бүгін ақша жоқ десе, ертең тағы бір сылтау ойлап табады. Нысан ішіне кірсең – антисанитария.

Трасса бойындағы 10 нысан қаңырап бос бұр. Жетеуіне қайта жан бітіруге болады. Ал үшеуі жөндеуге жарамсыз, сүріп тастау керек. Алайда, шаруаны өз мойындарына не Қазавтожол, не аудандық әкімдік алғысы келмейді. Қос тарап бір-біріне сілтеп қана отыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кезінде нысандарды оңды-солды тарата бергенсіздер. Енді қол қусырып отырсыздар. Ғимараттарды қалыпқа келтірмейтін болса, қайтарып алу керек. Басқа бизнесмендерге берсеңіздер, шарттарын анық жазу қажет. 2 жыл бұрын М.Жұмабаев ауданының кәсіпкері әдемі суреттерді көрсетіп, еуростандартқа сай нысан саламыз деп кетті. Нәтижесінде тұрғызғаны – сарай. Еш талапқа жауап бермейді. Жерді беруін беріп, қайтара алмай жүр.

“Қазавтожол” ҰК-ның жергілікті филиалына Кішкенекөл-Дәуіт аралығына қатысты да сын айтылды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл сіздердің күн тәртібіңіздегі №1 сұрақ болуы тиіс. Дәуітке дейін жол салынды. Ал Кішкенекөлге дейін 50 шақырым қалып қойды. Есесіне Петропавлдағы көпірді жөндеуге кірістіңіздер. Қаражаты жұмыстың маңыздылығына қарай бөлу керек еді. Ауылдағы ағайын әбден қиналып бітті.

Ал Қазавтожол болса, Кішкенекөлге дейінгі аралықты жөндеуге жобалық-сметалық құжаттаманы енді әзірлеуде. Жұмысқа келесі жылы кіріспекші. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жоспарды қайта қарастыруды тапсырды. Петропавлдағы көпір шаруасын сәл кідіртіп, күш пен қаржыны Кішкенекөл жолына жұмсау қажеттігін айтты. Қажет болса министрлікке шығып, жағдайды түсіндіру керек.

Эльмира Садвокасова