ТЖ

Шаһарда өрт сөндірушілер арасында жарыс өтті

Жарыс Жас өркен ықшам ауданында бой көтерген мына 18 қабатты тұрғын үйде өтіп жатыр. Қатысушылар екі кезең бойынша бақ таластырды. Қазір жеке-жеке сынға түсуде. Тапсырма – уақытқа 20 келілік өрт сөндіру киімін киіп, 18 қабатты ғимараттың төбесіне сатымен шығу.

Берілген тапсырманы №5 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы Бақыт Мерекенов мүлтіксіз орындады. Құтқарушы биіктігі 60 метрден асатын ғимаратқа жылдам көтеріліп, алғашқы кезеңнің жеңімпазы атанды.

Бақыт Мерекенов, қалалық №5 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы:

– Бүгінгі сайысқа көп дайындалдым. 18 қабатты үйдің үстіне 1 минут 43 секундта көтерілдім. Жүлделі орын еншіледім. Қатты қуаныштымын. Алдағы уақытта тек алдыңғы қатардан көрінеміз деп ойлаймын.

Ал екінші кезең мамандар үшін сәл қиындау болған сыңайлы. 3 құтқарушы бір-біріне байланған күйі жоғарыға қарай жүгіреді. Бұл сында №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары үздік атанды. Тіркеген уақыттары – 2 минут 18 секунд. Жалпы, «Виртуалды шақыру» жарысына 5 өрт сөндіру бөлімінен 25 құтқарушы қатысты.

Орал Әбдірахманов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Бұл жарыс – көрші Ресей мемлекетіндегі әріптестерімізден алынған спорттық дода. Өткізіліп жатқан жарыстың басты мақсаты – халыққа өрт сөндірушілердің қызметінің қиындығы мен маңыздылығын көрсету. Жарысты ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен от құрсауында қаза тапқан құтқарушыларға арнап өткізіп отырмыз.

Жылдамдығымен көзге түсіп, үздік уақыт көрсеткен мамандарға медаль мен диплом, естелік сыйлықтар табыс етілді.

Алдияр Айтпаев