ТКШ

Петропавлда 200-ден астам үй жылыту маусымына дайын

Қыстың қамын жаз ойла. Бұл – Сергей Данильчевтің өмірлік ұстанымдарының бірі. Өзі жетекшілік ететін «ЖИЛСПЕЦСЕРВИС» фирмасы қатарынан 29 жыл Петропавлдағы үйлердің жылыту маусымына дайындығын тексеріп келеді. Осы уақыт аралығында тәжірибелі маман бірнеше құбырдың жарылғанын көріп, талай апаттың куәсі болған. «Дегенмен, соңғы 5 жылда жағдай тұрақты»,- дейді. Оқыс оқиғалар бұрынғыға қарағанда біршама азайған.

Сергей Данильчев, «ЖИЛСПЕЦСЕРВИС» фирмасының директоры:

– Биыл жылыту маусымына дайындық жұмыстарын мамыр айында бастадық. Қазір құбырларды жуып-шаю жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, баспаналардағы ақаудың барлығын жазда анықтаған дұрыс. Бүгінге дейін 20 үйді тексердік. Олқылық соның біреуінен ғана табылды.

Сергей Данильчевтің айтуынша, құбырдың ескісін де, жаңасын да тазалау тәртібі бірдей. Тек 5-6 жыл қатарынан тексерілмесе оны ретке келтіру қиын екен. Жалпы, жуып-шаю шараларына 4 сағаттай уақыт кетеді. Бағасы 2012 жылдан бері шамамен 20 мың теңгені құрайды. Дегенмен, мұны қымбатсынатындар да кездесетін көрінеді. Ал бұл ретте Чайковский көшесіндегі 17-ші үйдің тұрғындары мол жауапкершілік танытады.

Екатерина Таранюк, қала тұрғыны:

– Былтыр үйімізге қыркүйектің соңына қарай жылу берілді. Біздің төрайымымыз өз жұмысын жақсы атқарады. Әрдайым жертөлені бақылап отырады. Біз де түсіністік танытып, коммуналдық шығындарды уақытылы төлейміз. Соның арқасында қыста ешқандай қиындық туындамайды.

Айта кетейік, облыс орталығындағы 1100-ден астам баспана орталық жылыту жүйесіне қосылған. Соның 236-сы қысқа сақадай сай.

Гүлсара Байбосынова, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің әдіскері:

– Петропавлда 10 мекеме техникалық қызмет көрсетумен айналысады. Үйлеріңізді тексерту үшін әкімдік сайтына кіріп кез келгеніне хабарласуға болады. Кейін кезекке тұру қажет.

Қала бойынша үйдің құбырларын жуып-шаю жұмыстары қыркүйек айына дейін толығымен тындырылуы қажет.

Алтынай Казиканова