Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге жұмыс сапарымен Аризона университетінің өкілдері келді

Бұл – Аризона университеті делегациясының біздің өңірге осымен екінші сапары. Америкалық жоғарғы оқу орны СҚ-мен әріптестік орнатуға зор қызығушылық білдіруде. Әсіресе, Қозыбаев университетімен бірлесе жұмыс атқаруды көздеп отыр. Облысымыздағы жалғыз білім ордасында қазір айтарлықтай өзгерістер орын алуда. Студенттік қалашықта 2020 жылдың маусымынан бері жаңа корпустың құрылысы жүріп жатыр. Оқу-зертханалық нысан заманауи үлгіге сай жасақталмақ. Бүгінде ғимараттың 9 қабаты көтерілген.

Ерлан Шұланов, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы-ректоры:

– Шаруа ағымдағы жылдың желтоқсанында аяқталады. Қаңтардан бастап зертханалық жұмыстарға кірісеміз. Мұнда 73 лаборатория орналасады. Оларды ауыл шаруашылығы, инженерия мен медицина факультеттеріндегі мамандықтарға арнап жасақтаймыз. Бұдан бөлек, студенттердің демалып, бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін коворкинг орталығы мен кибер және арт спейстер болады.

Университеттің өзге корпустары жаңартудан өтеді. Тағы студенттерге арналып қосымша екі жатақхана бой көтермек. Бұның барлығы жоғарғы оқу орнындағы қыз-жігіттердің саны мен олардың білім сапасын арттыру үшін жасалуда. Облысты дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, Қозыбаев университетін дамытуға 2024 жылға дейін 33,5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылмақ. Бұл аталған бағытта атқарылып жатқан жалғыз шаруа емес.

Ерлан Шұланов, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы-ректоры:

– Академиялық шеберлік орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Жоба 2021-2024 жылдары аралығында жүзеге асырылмақ. Инвестиция көлемі 10 жарым млн АҚШ долларын құрайды. Қазір жоба – мемлекеттік бюджет комиссиясының қарауында. Үстіміздегі жылдың соңында іске кірісеміз деген ойдамын.

2022 жылы тағы бір жоба қолға алынады. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Петропавлда Назарбаев университетінің моделіне сәйкес жоғарғы оқу орны ашылуы тиіс. Қысқасы солтүстік өңірдің білім саласындағы потенциалы жоғары. Мұны Аризона университетінің президенті Роберт Роббинс те атап өтті.

Роберт Роббинс, Аризона университетінің президенті, АҚШ:

– Университетті дамыту бойынша жоспарларыңызға оң бағамызды береміз. Ұстанған бағыттарыңыз дұрыс. Бізді жергілікті жоғарғы оқу орнында бірнеше сала қызықтыруда. Атап айтсақ, тарих пен жаратылыстану ғылымдары, астрономия мен ғарышты зерттеу салаларында бірлесе нәтижелі іс атқарамыз деген ойдамыз.

Аризона университеті өзінің медицина факультетімен аса танымал. Мұнда денсаулық сақтау саласына қажет мамандарды дайындауға үлкен көңіл бөлінеді. Көпжылдық тәжірибесімен жоғарғы оқу орнының қызметкерлері Солтүстік Қазақстандағы әріптестерімен де бөлісуге дайын. Қозыбаев университетіндегі жоғарғы медицина мектебі 2019 жылдан бері жұмыс істеуде. Болашақ ақхалаттылар өңірде аса өткір тұрған кадр тапшылығы мәселесін шешуге септеспек. Бүгінде облыс орталығында жаңа көпбейінді аурухананың іргесі қалануда.

Құрылыс алаңындағы қызу жұмыспен АҚШ-тан келген меймандар да танысты. 500 орынға шақталған заманауи үлгідегі емдеу мекемесі келесі жылдың соңында қолданысқа тапсырылмақ. Кейін делегация еліміздің алдыңғы қатарлы білім ошағына аттанды. Аризона университетінің өкілдері Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі оқу процесіне жасалған жағдаймен танысып, оң бағаларын берді.

Эльмира Садвокасова