Бизнес және экономика

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімді жақтары сөз етілді

Соңғы кездері халық арасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік деген ұғым кеңінен қолданылуда. Алайда, оның не екенін, қалай қолданылатынын білмейтіндер де бар. Теріскей жұртшылығына әріптестіктің тиімді жақтарын түсіндіру үшін мамандар Нұр-Сұлтаннан арнайы келіп отыр. Меймандар әуелі ел бойынша статистикаға тоқталды.

Махаббат Исабекова, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ аналитигі:

– Соңғы жылдары Қазақстан көлемінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік деңгейінің төмендегенін байқадық. Екі арада жасалатын келісім шарт азайған. Дегенмен, кәсіпкерлер тәжірибе жинап, жобаның тиімділігін түсінеді деп ойлаймын. Бұл – қос тараптан да біраз күш пен еңбекті талап ететін жұмыс. Тиімді жағы көп.

Бүгінде Қазақстанда аталған жүйе негізінде 153 жоба әзірленіп жатыр. Оның 8-і – Солтүстік Қазақстанда жасалуда. Дені білім саласына арналған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа мектептер салынады.

Бұның екі жаққа да пайдасы орасан зор: білім ұяларына қатысты орын жетіспеушілігі мәселесі шешіледі әрі кәсіпкерлердің жұмысы алға басады.

Махаббат Исабекова, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы” АҚ аналитигі:

– Мектеп салам деген жандарға республикалық бюджет тарапынан қаражат бөлінеді. Себебі, оқу ұялары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының арнайы механизмі бар. Ал жекеменшік мектеп құрылысына ақшасын жұмсаған бизнесменнің қаржысы мемлекет тарапынан біртіндеп қайтарылады.

Осыдан мемлекеттік әріптестіктің қолайлы жақтарын көруге болады. Бұл механизмді қолдана отырып ел көлемінде бір уақытта бірден 10-ға жуық балабақша салуға болады екен.

Аслан Нұрсейітов, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Жалпы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заң қабылданғалы өңірде 42 келісім шарт жасалды. Тартылған инвестициялардың көлемі 10 млрд теңгеден асады. Оның қайтарымы – 9,3 млрд теңге.

Жиын соңында қос тарап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жөнінде ұсыныс-тілектермен алмасты.

Алтынай Казиканова