Кешкі жаңалықтар

Арнайы шығарылым: СҚО ауылдық округ әкімдерінің сайлауы 25.07.2021

Облыста ауыл әкімдерін сайлау басталды. Маңызды шара бүгін Мамлютка қаласы мен аймақтағы 70 ауылдық округте өтуде. Аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, таңғы 07.00-ден бастап барлық 174 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті. Жалпы облыс бойынша әкімдікке 214 кандидат енгізілген. Үш округте бір орынға 2 кандидаттан, 64 округте – 3 кандидаттан және төрт округте – 4 кандидаттан үміткер бар.

Тілеген Қаскин, СҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

– Сайлау облыстың 218 елді мекенінде өтуде. Сайлаушылардың сайлау учаскелеріне келуі туралы ақпарат Нұр-Сұлтан қ. уақыты бойынша сағат 10.00-де, 12.00-де, 14.00-де, 16.00-де, 18.00-де және 20.00-де облыстық сайлау комиссияның интернет-беттерінде ұсынылады. Сайлаушылардың келуінің алдын ала қорытындылары туралы ақпарат сағат 22.00-де ұсынылады.

Соңғы мәлімет бойынша сағат 10-ға дейін өңір халқының 20 пайыздан астамы дауыс беріп үлгерген екен. Ең белсенді Қызылжар ауданы. Мұнда 1733 адам өз таңдауын жасады.

Бердимурат Баймухан

***

Елді мекеннің гүлденуі, әлеуметтік мәселелердің шешімін тауып, халықтың әл-ауқаты артуы үшін. Дәл осындай азаматтық ұстаныммен М.Жұмабаев ауданына қарасты Таманск селосының тұрғындары таңғы 7-ден бері сайлау учаскесіне ағылуда. Жастардың да, қазыналы қариялардың да қалауы бір – туған ауылының дамуына үлес қосу. Бұл жетістікке қандай әкім жеткізе алады, отанына, еліне адал әкімді жаңылмай таңдасақ дейді. Сол үшін ағайын сенім артқан кандидатқа дауыс беріп жатыр.

Татьяна Курбатова, Таманск селосының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Бұрын әкімдерді аудандық мәслихат депутаттары тағайындайтын. Алғаш рет басшысымызды өзіміз сайлаудамыз. Бұл әрбір тұрғынға үлкен жауапкершілік артып отыр. Себебі, алдағы 4 жылда селолық округтің дамуы мен өркендеуі біз таңдайтын адамға жүктеледі.

Сартай Сердалинов жанұясымен Таманск селосына 23 жыл бұрын қоныс аударыпты. Содан бері елді мекенде оң өзгерістер орын алуда. 2022-де ауылдағы әрбір үйге су тарту көзделген. Сайланатын жаңа басшы осы бағыттағы жұмысты әрмен қарай жалғастырып, өзге де әлеуметтік маңызы бар сұрақтарды назарға алса екен дейді азамат.

Сартай Сердалинов, Таманск селосының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Жолдар жөнделсе, жастар ауылда көбірек қалып, жұмыс орындары ашылса екен. Бәрі жақсы болады деген ойдамын.

Болашағымыз бұлыңғыр болмас үшін жақсы үміткерді таңдау қажет. Ауылдағы ағайын үгіт-насихат жұмыстары барысында кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен жіті танысыпты. Әкім креслосына көз тіккендердің халық пен елді мекен үшін не істей алатындарына назар аударған. Содан болу керек тұрғындар кабинада көпке бөгелмей, дауыстарын беріп жатыр.

Александр Поляков, №243 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, М.Жұмабаев ауданы:

– Аталған селолық округ құрамына Таманскіден бөлек, Майбалық пен Пулеметовка ауылдары кіреді. Барлығы елді мекендерде 750-ге жуық адам тұрады. Таманск селосына тоқталар болсақ, мұнда 351 сайлаушы бар. Олардың тек жартысы таңғы 11-ге дейін келіп, өз дауыстарын берді.

Үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды саяси шараға денсаулығына байланысты келе алмағандар да бар. Тұрғындар алдын-ала учаскеге хабар беріп, өтініш жазған. Комиссия мүшелері урна мен бюллетендерді алып, 11 қарияның үйіне бармақшы. Сайлауға Полудино селосының халқы да белсене қатысып жатыр. Ауылдың болашағы – мығым. Алайда, мақсат – елді мекенді әрмен қарай дамытып, нығайту.

– Жаңа әкімнен күтеріміз мол. Біріншіден, бізге тұрақтылық керек. Ауылымыз гүлденіп, тұрғындардың тұрмысы жақсарса екен. Сайланатын басшы алдағы уақытта жұртшылыққа құлақ асып, проблемаларын шешуге көмек көрсетке деп тілейміз.

– Селолық округта біраз шаруа атқарылып келеді. Сумен проблема жоқ. Су әрбір аулаға кіргізілген. Жол жөнделіп жатыр. Мектепке де тиісті көңіл бөлінуде. Осы шаруа жалғасса деп тілейміз.

Полудино округіне екі село кіреді. Сайлаушылардың жалпы саны мыңнан асады. Олардың дені, яғни 830-ы Полудино ауылының тұрғындары. Іргелі елді мекендерді басқарудан 2 адам үмітті. Тағы бір кандидат сайлауалды науқанның соңғы кезеңінде қатысудан бас тартыпты.

Таиба Икметова, №236 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы, М.Жұмабаев ауданы:

– Сайлау учаскесінде 1 бақылаушы бар. Әзірге, ешқандай заңбұзушылық орын алған жоқ. Шара ережелерге сай өтіп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі жандардың келіп, дауыс беруі үшін тиісті жағдай жасалған. Ал, денсаулығына байланысты қатыса алмаған 25 адамға қазір мамандар барады.

Ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет ұйымдастырылуда. Бұл саяси шарадағы жалғыз жаңашылдық емес.

Оралбай Сағындықов, М.Жұмабаев аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бүгінде ауылдық округ әкімдерінің құзыреттілігі де артуда. Елді мекендерге бөлінетін қаржыны басшылар өткір тұрған мәселелерді шешуге жұмсай алады. Атап айтсақ, мал жайылымын кеңейту, жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп, жол мен су проблемаларын біржақты ете алады.

Биылдан бастап бюллетендерге тағы бір пункт қосылды. Енді кандидаттардың бірі де тұрғындардың көңілінен шықпаса, бәріне қарсымын деп дауыс беруге мүмкіндік бар. Жалпы жаңа әкімдер М.Жұмабаев ауданына қарасты 15 ауыл кіретін 6 селолық округке сайланбақ. Бұл лауазымнан 16 кандидат үмітті. Азаматтық парызын орындау ісі 3400-ден аса азаматқа жүктеліп отыр. Олар таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін өздері лайық деп тапқан адамға дауыс берулері қажет. Шараның талапқа сай өтуін аудан бойынша 30 бақылаушы қадағалауда. Олардың қатарына Нұр Отан мен партиялық емес орталықтың мүшелері кірген.

Эльмира Садвокасова

***

Алтынай Қазиқан, тілші:

– №162-ші сайлау учаскесі өз жұмысын таңғы сағат 7-де бастаған. Дауыс беру пунктіне 1468 тұрғын тіркеліпті. Сағат 10-дағы ақпаратқа сүйенсек, соның 458-і өз таңдауын жасаған.

«Тұрғындардың мұң-мұқтажын, қажеттілігін тек іште жүрген өз ісіне жауапты, отанына адал азамат жақсы түсінеді»,-дейді 80 дегі қарт Мырзабай Омаров. Сол себепті, ол бүгінгі маңызды науқаннан құр қалмай, өз таңдауын жасауға келіп отыр. Көнекөз қария ауыл әкімін тұрғындардың өздері таңдайтын болды деген шешім шыққанда қатты қуанған. Сайлау болатын күнді асыға күтіпті.

Мырзабай Омаров, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Қандай кемшілік болса, соны түзетеді, керек кезде көмектеседі. Жолы, суын, халықтың мұң-мұқтажын орындайтын азамат болса екен деймін. 20 жылдан бері осында тұрамын.

Маңызды науқанда Явленка ауылының тұрғындары ерекше белсенділік танытуда. Нұршахара Мәлікова- үміткерлердің бағдарламаларымен жіті танысыпты. Халқының қамын ойлайтын, қолынан іс келетін әкімді таудау оңай емес. Оның үстіне қолына билік тіигеннен кейін жауапкершілікті ұмытатындар да бар дейді. Жерлесіміз заң берген мүмкіндікті құр жібермей, қалаған кандидатына дауысын берді.

Нұршахара Мәлікова, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жылы халыққа ауылдық округ әкімдерін сайлау мүмкіндігі беріліп отыр. Сондықтан бұл сайлауға үлесімді қосу менің міндетім деп ойлаймын. Тұрып жатқан округімнің дамуы, өркендеп, гүлденуі – мен үшін өте маңызды. Сондықтан бүгін келіп өз таңдауымды жасадым.

Ал, аудан орталығының азаматы Еламан Жүнісов сайлауға өзі ғана емес, жұбайымен келген. Өзі таңдаған үміткердің талап үддесінен шығатынына сенімді.

Еламан Жүнісов, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– «Халық – айна», – дейді ғой. Бізге жұмыс істейтін адамдар керек. Елімізді көркейту керек. Толып жатқан шаруалар бар. Сол шаруаларды орындай алады-ау деген кісілерді халық таңдайды.

Явленка ауылдық округінің әкімі болуға 3 кандидат ниет білдірген. Оның 2-уі сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысып отыр. Бір кандидат Нұр-Отан партиясынан. Дауыс беру науқанының өтуін 4 байқаушы қадағалауда. Екеуі – мобильді топтан.

Бекзат Бидалина, №162 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:

– Тұрғындардың қатысуы өте жақсы. 2003-жылы туған жастар да келіп жатыр. Келушілердің жастары аралас. Үлкен кісілер мен жас адамдар да келуде.

Алтынай Қазиқан, тілші:

– Ал, қазір біз Корнеевка гимназиясындамыз. Аудан орталығынан 50 шақырым жерде 143-ші сайлау учаскесі орналасқан. Мұнда тұрғындар Корнеевка ауылдық округінің әкімін таңдауда.

Дауыс беру пунктінде қауіпсіздік шаралары жіті қарастырылған. Кіреберісте медициналық маскасы жоқ адамға бетперде тегін беріледі. Таңдауын жасағалы келгендердің ішінде Тәуелсіздіктің құрдастары да бар.

Кристина Мельцер, Корнеевка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Ауылдық округ әкімдерін өзіміз таңдағаннан кейін күрмеулі мәселелер сағызша созылмай шешілер деп ойлаймын. Өйткені, олар осы маңның тұрғындары, әлеуметтік мәселелерді жақсы біледі, жерлікті халықты түсінеді деп ойлаймыз.

Бұл пікірді өзге тұрғындар бір ауыздан қолдап отыр.

Меніңше, әкімдерді халықтың таңдауы дұрыс және өте маңызды. Өйткені, жергілікті жердің адамы. Халықтың тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныс. Осы елдің патриоты деуге де болады.

– Қазір жолдар жөнделе бастады. Жарықтандыру мәселесі де біржақты етілгендей. Таңдаған әкіміміз үмітімізді ақтар деп сенеміз.

Корнеевканың әкім болуға 3 кандидат ниет білдірген. Соңғы адам сайлауға 1 апта қалғанда бәйгеге қатысудан бас тартқан.

Риза Хасенова, №143 учаскелік комиссиясының хатшысы:

– Қазір сайлаушылар белсенді қатысуда. Ең бірінші сайлаушы сағат 7 де келді. Оған сыйлық берілді. Ер адам, 37 жаста.

Сайлау учаскелері кешкі сағат 8-де жұмысын тоқтатады. Жалпы, Есіл ауданында 7 ауылдық округтің әкімдері сайланады. Кандидаттардың саны 25-ті құрайды.

Алтынай Казиканова

***

Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 13 аудан, аудандық маңызы бар 4 қала және 190 ауылдық округ бар. Аймақтағы ауыл халқының саны бүгінде 288 мыңнан асады. Яғни, өңір тұрғындарының тең жартысын құрайды. Қазір ауылдағы ағайын өз әкімдерін сайлауға белсене атсалысып жатыр. Дауыс беру 174 сайлау учаскесінде жүріп жатыр. “Партиялық емес байқау орталығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджановтың айтуынша саяси науқанды 522 байқаушы бақылауда.

Жанат Мұхамеджанов, “Партиялық емес байқау орталығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің СҚОФ төрағасы:

– Ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлауға облыстық 218 елді мекенінің 60 мыңнан астам тұрғыны қатысады деп күтілуде. Сайлау барысын қоғамдық бақылауға алу азаматтық борышымыз. Біздің ұстаным жариялылық, ашықтық, әділдік, парасаттылық және заңдылық қағидаттары. Сайлау барысы заңды және легитимді өтеді деген үміттеміз.

Жалпы, ауыл әкімі болуға 146 адам өзін-өзі ұсынған. Ал саяси партиялардың атынан 68 үміткер қатысуда. Соңғы мәлімет бойынша сағат 12-ге дейін өңір халқының 45 пайызға жуығы дауыс беріп үлгерген екен. Бұл жолы көш басында Аққайың ауданы тұр. Мұнда 4723 адам өз таңдауын жасады.

Бердимурат Баймухан

***

Облыстық сайлау комиссиясы ұсынған деректерге сәйкес сағат 16.00-де ауыл тұрғындарының 70,71 % – ы өз таңдауларын жасапты. Осы уақытта 14 ауданның ішінен уәлихановтар саяси белсенділік танытып, көш бастап тұр. Олардың 80 пайызы таңдау жасаған. Екінші орында 78.98 пайызбен М.Жұмабаев ауданы. Ал аққайыңдықтар үшінші орында, аудан тұрығындарының 76,66 пайызы сайлауға қатысқан.

Тілеген Қаскин, СҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

– Жамбыл ауданында 3827 сайлаушылар немесе 73,85 %. Қызылжар ауданында 5112 сайлаушылар немесе 66,03 %. Мамлют ауданында 4895 сайлаушылар немесе 69,61 %. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданында 1815 сайлаушылар немесе 73,72 % . Тайынша ауданында 1997 сайлаушылар немесе 53,13 % . Тимирязев ауданында 1296 сайлаушылар немесе 72,36 %. Шал ақын ауданында 3104 сайлаушылар немесе 73,62 %.

Осы ретте, өңірдегі эпидахуалға тоқтала кетейік. Өткен тәулікте 141 солтүстікқазақстандық коронавирус індетін жұқтырып алған. Өңірдегі эпидахуал әлі де тұрақсыз. Жағдайды ушықтырып алмас үшін әр сайлау учаскесінде барлық тазалық талаптары қатаң сақталған.
Келушілердің дене қызуы өлшенуде, маскасы жоқ адамдарға бетперде ұсынылуда. Санитайзерлер де ұмыт қалмаған. Әр келуші дауыс бермес бұрын қолдарын арнайы сұйықтықпен өңдеп алулары тиіс.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Әр адамның бетінде масқа болуы тиіс. Бетперде толығымен ауыз-мұрынды жабуы қажет. Сондай-ақ, сайлау учаскелерінде әлеуметтік арақашықтықтың сақталуы қатаң бақылануда.

Санитарлық талаптардан бөлек, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі де басты назарда. Облыс бойынша сайлау учаскелерінде 500 полиция қызметкері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Қанат Айтбаев, СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы:

– Сайлау кезінде ешқандай бұзушылық анықталған жоқ. Облыс аумағындағы жағдай тұрақты және тұрақты бақылауда.

Еске сала кетейік, сайлау учаскелері кешкі сағат 20:00-де жабылады. Жалпы, бүгін еліміз бойынша 700-ден астам ауыл әкімі саяси бәйгеге түсіп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында 214 әкім сайлануы тиіс.

Дана Ешкенова