COVID-19: Қазақстан

Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты

23СҚО-да өткен тәулікте 110 адам коронавирусқа шалдықты. 102-сінен дерттің белгілері анық байқалады. Науқастардың басым бөлігі – петропавлдықтар. Облыс орталығында тәж вирусын 46 адам жұқтырып алған.

Өңірдегі эпидахуал тұрақсыз. Соңғы аптада аурушаңдық 408 жағдайдан 684 жағдайға дейін, яғни 2 есеге өскен. Естеріңізге сала кетейік, шілденің 12-сінен бері Солтүстік Қазақстан облысы – “қызыл” аймақта. Бүгін өңірдің бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды. Шілденің 26-сынан бастап өңірде мынадай шектеулер енгізіледі: сауда үйлерінің, жабық азық-түліктік емес базарлардың, сауналардың, СПА-орталықтардың, бассейндердің, спорт кешендерінің, спорттық-сауықтыру орталықтары мен фитнес-орталықтардың жұмысы сенбі-жексенбі күндері тоқтатылады.

Сондай-ақ, жалпы”Ashyq” жобасына қатыспайтын мәдениет нысандарының қызметі тоқтатылады. Ал аталған қосымшаны қолданатын нысандар жұмысын жалғастырады, бірақ толымдылығы 30%-дан аспауы тиіс. Тағы спорттық шаралар көрерменсіз өтуі қажет.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Қызметкерлердің кемінде 80 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге ауысады. Ал мектепке дейінгі кезекші топтар алдын ала жазылау бойынша 15 балаға дейін ғана қабылдай алады. Қоғамдық тамақтану объектілеріне келетін болсақ. Олардың жұмыс уақыты таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін шектеледі. Бұл “Ashyq” қосымшасынсыз жұмыс істейтіндерге қатысты. Ал “Ashyq”-ты енгізген дәмханалар түнгі сағат 2-ге дейін қызмет көрсете алады. Аталған нысандардағы толымдылық 50%-дан аспауы тиіс.

Дана Ешкенова