COVID-19: Қазақстан

Тайынша ауданында 6 мың адам толық иммундаудан өтті

Гүлмира Таран – Тайынша қаласының тұрғыны. Нәзікжанды жергілікті №2 мектепте еңбектенеді екен. 6 жыл бойы балалармен етене жақын жұмыс істегендіктен, вакцинаны алуға ойланбастан келіскен. Себебі, бұл, біріншіден өзімнің, екіншіден ұл-қыздардың денсаулығы үшін маңызды дейді. Әрі иммундау шарасынан өткеннен кейін қорықпай емін-еркін қатынауға мүмкіндік бар.

Гүлмира Таран, Тайынша қаласының тұрғыны:

– Мен Спутникті таңдадым. Алғашқы дозасын маусымның 27-сі алдым. Әлсіздік, температураның көтерілуі байқалмады. Иммунитетім өте жақсы көтерді. Ал шілденің 18-сі екінші компонентін қойдырттым. Негізі коронавируспен ауырған емеспін. Бірақ, таныстарым қалай қиналғандарын айтқанда денең тітіркенеді. Жас ұлғайған сайын дертті көтеру де қиын ғой.

Қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы – вакцинация. Атап айтқанда, екпені тұрғындардың 60 пайызы алуы тиіс. Сонда ғана ұжымдық иммунитет қалыптасады. Бұл көрсеткішке Тайынша ауданы жақын арада жетпек. Бүгінде елдімекендіктердің 47 проценті иммундау шарасынан өткен.

Нұрсұлтан Саржанов, Тайынша аудандық емханасының меңгерушісі:

– Бүгінде 11 мыңнан аса тайыншалық вакцинаның бірінші компонентін алды. Оның ішінде 6 мың адам толық иммундау шарасынан өтті. Екпе алуға болатын жандардың саны аудан бойынша 23 мыңды құрайды.

Екпе алуға арналған қосындардың саны – Тайынша бойынша үшеу. Олар аудан орталығындағы емхана, Келлеровка мен Чкалово селоларындағы амбулаторияларда орналасқан. Ал аталған елді мекендерден шалғай орналасқан ауылдағы ағайынға вакцинаны арнайы мобильді бригада дәрігерлері қояды.

Эльмира Садвокасова