Қоғам

Өңірдің жаңа логотипі таныстырылды

Өңірдің жаңа логотипі таныстырылды. Естеріңізге сала кетейік, жергілікті мәдениет басқармасы шілденің басында аққайыңдар өлкесінің үздік таңбасын жасауға конкурс жариялаған болатын. Өтінімдер шілденің 1-інен 15-іне дейін қабылданды. Байқаудың талабы бойынша – эскиз облысымыздың қалыптасуы мен дамуын, табиғи ерекшеліктерін көрсетіп, мәдени туристік әлеуетін ашуы тиіс еді.

Конкурсқа қатысуға екі жергілікті дизайнер өтінім берген. Соның ішінен “Трифонов” жеке кәсіпкерлігінің эскизі үздік деп танылды. Таңбада жасыл, қызыл, сары, көк түстер араласқан «жылқының басы» бейнеленген. Қазақ халқы үшін жылқы – жеті қазынаның бірі, киелі жануар. Ал жасыл түс өлкеміздің қалың ну ормандарын көрсетіп тұр. Сары түс өңіріміз аграрлы өлке екенін білдіреді. Ал көк түс болса Солтүстік Қазақстан облысының өзен-көлдерге өте бай екенін бейнелейді.

Досбол Әбдірейісов, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Конкурстың қорытындысын шығару үшін арнайы комиссия құрылды. Біздің аймаққа қонақтар, туристер келген кезде біріншіден облысымыздың логотипін көреді.

Дана Ешкенова