ҚоғамТуризм

Облыс әкімі Есіл ауданына барып қайтты

Соңғы жылдары өңірімізде елді мекендерге таза ауызсу жеткізу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алайда, проблема түбегейлі шешіле қалған жоқ. Мәселен, Есіл ауданына қарасты Бұлақ ауылының тұрғындары тіршілік көзінен әлі де таршылық көріп отыр. Ауылдағы ағайынмен кездескен облыс әкімі 2022 жылға дейін бұл мәселе толығымен шешіледі деді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2018 жылы осы ауылда болғанмын. Сол кезде су мәселесі жайлы айтылды. Оның жобасы дайын. Ол жобаны дайындауға бір жыл жұмсалды. Енді келесі жылы біз жұмысты бастаймыз. 908 млн теңгеге ауыл ішіне құбырлар салынады. 2022 жылдың аяғына дейін аяқтаймыз.

Бұлақ тұрғындары үшін айта, айта жауыр болған тағы бір мәселе бар. Ол – жол жағдайы. Елді мекенге апарар жолдың 4 шақырымы әбден тозып біткені соншалық жолаушыны қажытып жібереді. Ал жауын-шашын жауған кезде осы бір аралықтан өту тіпті қиындай түседі екен.

Тұрғындармен кездесуден кейін облыс әкімі жергілікті білім ұясына барды. Келер жылы мектеп күрделі жөндеуден өтпек. Өңір жетекшісі медициналық қосынға да кіре кетті. Ақхалатты маманмен тілдесіп, алдағы уақытта ауылда жаңа фельшерлік-акушерлік нысан салынатынын айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы жақын маңда алтын өндіріліп жатқан кен орнына барып, ондағы жұмыс барысымен танысты.

Дана Ешкенова