Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданында ауылшаруашылық жәрмеңке өтті


23
Жібек Ағжанованың ауыл тұрғынына жетерлік азын-аулақ малы бар: қой-ешкі, ірі қара мал ұстайды. Төрт түлік қазір өрісте жүр. Алайда, алты ай бойы қыста қорада тұрары анық. Сол себепті, қыстың қамын қазір жасау қажет.
Нәзікжанды, әзірге, 5 бума шөпті бүгін қолжетімді бағамен жәрмеңкеден сатып алды.

Жібек Ағжанова, Соколовка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

–  Ауылда тұрғаннан кейін мал-құс ұстағымыз келеді. Шөп жоқ деп жатыр. Құрғақшылық. Бүгін міне бірінші күн – 5 мыңнан 1 тюк. Алып үлгердім. Әрбір үйге 5 тюктан беріп жатыр екен. Біз мал ұстаймыз, бізге жылына 40 тюк керек. Құс ұстаймын, қазір оларға да жем аламын.

Жәрмеңкеге қойылған 50 келілік бір қап жемнің бағасы – 2 жарым мың теңге. Бұл баға ауыл тұрғындары үшін қалтаны қақпайды.

Жоламан Қиратаев, Соколовка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

–  50 бас тауық ұстаймын. Бүгін құстарыма 2 қап жем алдым. Бұл келесі жәрмеңкеге дейін жетуі тиіс. Жемнің бағасы көңіл көншітерлік. Өзге жерден сатып алатын болсақ, онда қымбатқа шығар еді.

Малға азығынан бөлек, мұнда картоп пен ұн да сатылып жатыр. Бағаларына тоқталар болсақ, 1 келі картоп – 180, ал ұн 134 теңге тұрады. Аудан әкімі Жанат Сәдуақасовтың айтуынша бұл нарықтық бағадан 25-30%-ға арзан.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Облыс әкімінің тапсырмасымен ауданда сәрсенбі, жұма күндері ауылшаруашылығы жәрмеңкесін өткізуді қолға алдық. Негізінен мал азығы сатылады. Қысқа дейін аудан аграрилері ауыл тұрғындарын жем-шөппен қамтамасыз етеді. Әрине, қолжетімді бағамен.

Келесі жәрмеңке келер аптаның сәрсенбісі күні аудан орталығы – Бескөлде өтпек.

Алдияр Айтпаев