Экология

21-ші ғасырдағы қоқыс мәселесі

Павел Волков, қала тұрғыны:

– Жазда мұрынды жаратын иіс шығады. Кейбір тұрғындар қоқысты жағып жатады. Тұрмыстық қалдықтар тым көп болғандықтан, ұзақ уақыт бойы сөнбей түтіндеп жатады. Тіпті, өрт сөндірушілердің өзі әзер сөндіреді. Қоқыс мәселесін шешу үшін «Коммунхоз» серіктестігімен келісім шартқа отырдық. Қоқыс тастайтын контейнер қойып береміз деді.

Былтыр күзде қоқыс үйіндісін әкімдік өкілдері тазалаған. Алайда, көп уақыт өтпей, бұл жер қайта ластаныпты. Әзірге, тұрмыстық қалдықты бейберекет шаша беретін жандардың өрескел қылығын тыюға күш болмай тұр. Тазаланған жерге тағы үйіп кетеді екен. Айыптыларды анықтау үшін эколог мамандар мен полицейлер рейд өткізіп отыр. Алайда, камера мен жиналған көліктің көптігін көрді ме, ешкім шыға қоймады.

Дамир Жұмабаев, СҚО экология департаментінің бөлім басшысының міндетін атқарушы:

– Облыста «Ғарыш сапары» жүйесінің көмегімен тұрмыстық қалдықты тастауға рұқсат етілмеген 295 орын анықталды. Негізінде, қоқыс төгуге арналған 45 аумақ бар. Дегенмен, олар тиісті шегінен асып кеткен екен. Жүйе арқылы жеткен суреттерді алып біз сол орындарға барып, жақын маңдағы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Бүгінге дейін табиғат жанашырлары 100-ден астам іс-шара өткізген. Нәтижесінде заңсыз 11 орын жойылды. Жалпы, жыл басынан бері тәртіп сақшылары 10-ға жуық заңбұзушыны анықтаған.

Сейілбек Елжасов, қалалық ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары:

– Жыл басынан бері экология департаментінің мамандары және полицейлер Жас өркен, Подгора ықшам аудандары мен Жұмысшы кентінде осындай рейдтер жүргізді. Кінәлі тұлғаны анықтаған жағдайда ҚР Әкімшілік кодексінің 505-бабы бойынша ескерту немесе 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Сол себепті, мамандар тұрғындарды табиғаттың қадірін түсініп, оны аялай білуге шақырады.

Алтынай Казиканова