Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды

Облысымызда әлеуметтік экономикалық дамудың оң динамикасы сақталған. Барлық негізгі салаларда өсім байқалады.

Зиятден Молдағанапов, СҚО экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Қаңтар-маусым айлары бойынша облыстық әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне тоқталсам. Қысқа мерзімде ауыл шаруашылығында өсім – 1,2%, өнеркәсіпте – 8,5%, инвестицияда – 23,4%, құрылыста – 4,9%, баспана салуда 6,8 пайызға артқан.

Әр салаға жіті тоқталайық. Жарты жылдың ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 89 млрд теңгенің өнімін шығарған. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 15 млрд теңгеге көп. Бұл ретте 6 ай боы аудандар жақсы қарқын көрсеткен. Десе де, өңірді артқа тартып тұрғаны да жоқ емес. Мәселен, Қызылжар ауданында құс еті мен жұмыртқа өндірісі кенжелеп келеді. Оған дәлел – аталған төңіректе ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіші шамамен 16 пайызға төмендеген.

Зиятден Молдағанапов, СҚО экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Жалпы айтар болсақ, өңірде жарты жылдың ішінде ет өндірісі – 3,4 пайызға, сүт өндірісі 7 пайызға артқан. Ет бағытында ең жоғары көрсеткіш Тимирязев ауданында тіркелді. Мұнда 6 айда ет өндірісі 8,8 пайызға өскен. Бұл бағыт Қызылжар ауданы мен Петропавлда баяу жылжуда. Сүт өндіру бойынша қарқын барлығында бірдей жақсы.

Өңір алқаптарындағы жағдайға келер болсақ. Өткен маусым айында ауа райы құрғақ болып, көңілге қаяу түсіргені рас. Әйтеуір, шілденің басында жаңбыр жауып, танап басындағы ахуал біршама тұрақталды. Нәтижесінде дәнді және майлы дақылдар біраз көтеріліп қалған деседі. Айта кетейік, биыл майлы дақылдар 1 млн гектарға егілді. Импортты алмастыру мақсатында жекелей қарақұмық шамамен 10 мың гектар жерге сіңдірілген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 6 мың гектарға көп екен.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шаруашылығы саласына тартылатын инвестиция ауқымы жыл сайын ұлғайып келеді. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 1,6 есеге өскен. Аталған салаға құйылатын қаржы бүкіл өңірге бағытталатын көлемнің жартысын құрайды. Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығына инвестиция тарту жөнінен ел бойынша көшбасшы болып табылады.

Өнеркәсіптің жарты жылдық көрсеткіші ауыз толтырып айтарлықтай. Сала өндірген өнім көлемі 27,9 млрд теңгеден 166,1 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын шығаратын зауыттардың қарқыны осал емес. “Единство” серіктестігі өндіріс көлемін – 59%-ға, ал Құрылыс материалдары зауыты 2,1 есеге арттырған.

Қос кәсіпорын шамамен 1 жарым млрд теңгенің өнімін шығарған. Өңірде құрылыс қарқыны да қызу.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жарты жылдың ішінде жалпы ауданы 83 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлер қолданысқа тапсырылды. Жалпы қарқын осал емес, бірақ жекелей алатын болсақ, кейбір аудандарда баяу жүріп жатыр. Бұған эпидахуалдың тұрақсыздығы мен құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп болуы мүмкін. Дегенмен, құрылысты кенжелетпеу қажет. Тиісті қаржы бөлінген.

Айта кетейік, құрылыс қарқыны жөнінен Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Тайынша аудандары мен облыс орталығы алда келеді. Көш соңында – Қызылжар ауданы. Аталған аудан құрылыста ғана емес, негізгі салалар бойынша да кейінгі қатарда қалып қойған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің мақсатымыз – экономиканы өркендету және тұрғындарымыздың тұрмыс жағдайын жақсарту. Осыған орай әр күнді тиімді өткізу қажет. Өткен жылдың соңында және биылғы жылдың басында жарияланған жоспарларымыз толық орындалуы тиіс.

Дана Ешкенова