Билік

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа соттың жұмысымен танысты

Бұрындары бұл ғимарат қызмет көрсету саласы бойынша мамандар оқытатын колледж болған еді. Ал үстіміздегі жылы нысан толығымен жөндеуден өтіп, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот ғимаратына айналды. Заманауи құрылғылармен жабдықталған нысан жұмысын шілденің 1-інде бастады. Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа соттың қызметімен және жасалған жағдаймен танысты.

Мекемеде бұндай 4 зал бар. Барлығы дыбыстық және бейнежазба жүйесімен жабдықталған. Одан бөлек адвокат пен прокурор, судьялардың жеке кабинеттері бар. Қазіргі таңда 10-нан астам маман жаңа жұмыс орнымен қамтылған.

Жалпы, әкімшілік сот ісін жүргізудің жаңа түрі біздің өңірде ғана емес, ел бойынша 1-ші шілдеден бастап енгізілді. Осылайша, азаматтардың мемлекеттік органдармен арасындағы құқығын қорғауда теңдік қамтамасыз етілмек. Бұл туралы өткен жылы қабылданған әкімшілік рәсімдік-процесуалдық кодексте жазылған.

Бердібек Мұстафин, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:

– Бұл кодексті қабылдаудағы мақсат – азаматтар мен әкімшілік органдар арасындағы дауларды сот қараған кезде екеуі теңсіз болып табылады. Өйткені, бір жағынан қарасақ, жеке тұлға, екінші жағынан әкімшілік мемлекеттік орган – оның өзінің апараты бар, дайындалған қызметкерлері бар. Сондықтан, осы теңсіздікті жою үшін кодекс қабылданып, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау негізделіп отыр.

Қазіргі таңда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа 30-дан астам жерлесіміз келіп талап-арыз қалдырған көрінеді. Оны мұндағы мамандар 3 ай ішінде қарастырып, шешім шығарады екен.

Алдияр Айтпаев